Мемлекет басшысы амал мерекесімен құттықтады

Бүгін таңнан бері еліміздің түкпір-түкпірінде көрісу мейрамы жалғасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл күні халық қыстан аман шыққанына қуанып, дастархан жаяды. Сағынғанымен көрісіп, сақтағанын қазанға салады. Алайда ертеде бар қазаққа ортақ болған осы атаулы күнді қазір тек батыс өңіріне теліп қойдық. Дәл осы наурыздың 13-14-ін ертеректе ақсақалдар, «бұл күні қарға құмалақ батса, қар кетеді» деп есептейтін. Сөйтіп бұдан әрі «ұзынсары», «бесқонаққа» ұласатын наурыздың қадір-қасиетіне бабаларымыз үлкен мән берген. Осы көне ғұрып кейінгі жылдары қайта жаңғырып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің өзі қазақстандықтарды амал мерекесімен құттықтады. Мемлекет басшысы жылы лебізін Twitter парақшасында білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Барша Қазақстан халқын Амал мерекесімен құттықтаймын. Ықылым заманнан бері бабаларымыз бұл күнді «Амал келді, жыл келді» деп ерекше қуанышпен қарсы алған. Дәстүр бойынша осы күні қыстан аман шыққан жұртымыз төс қағысып көріскен. Жыл мерекелі де берекелі болсын!