«Амал» мерекесін атыраулықтар жалпыхалықтық мейрам ретінде атап өтеді

Бұл күн алты ай қыс ат аяғы жетпей, алыста қалған ағайын-туыс қауышып, арқа-жарқа болатын айтуы мезгіл, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Амал» мерекесі бір күнмен шектелмейді. Ғасырлар өтсе де мән-мағынасын жоймаған бұл күнді мұнайлы өңір тұрғындары биыл зор қуанышпен қарсы алып жатыр. «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп көрісіп, мауқын басып..., деп хакім Абай жырлағандай, «Амал» мерекесі-шынында да мал-жанның жәйімен қиыр жайлап, шет қонған қыр қазағы үшін ерекше қуаныш. Төрт түлік малдың күйін күйттеген ата-бабамыз қашан да күн қабағын, табиғат тылысымын тамыршыдай тап басып, соған орай, амал-әрекет жасап отырған. Әдетте қазақы күнтізбе бойынша айдың басы көкте ай толысқанда, яғни бүгінгі есеппен әр айдың 14 жұлдызында басталады. Қазақ үшін әр айдың өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, «құт айында май өлеңнің тамырына жан енеді» деген ұғым бар. Қар астында жатқан өлең шөптің өзі тіріліп, жарыққа ұмтылады екен. Ал наурызда қабақ басы қарайып, күнгей бет көктей бастайды. Қыр елі үшін 14 наурызда тек ай емес, жыл жаңарады. Яғни бүгіннен бастап сиыр жылы тарих қойнауына шегініп, барыс кіреді.

Төлеген Жаңабайұлы, өлкетанушы:

– Бұл көрісудің бір ғажайып ерекешілігі сол, бұл – жылдар бойы бірімен-бірі қатыспай кеткен, болмаса, араларында бір кикілжің болған адамдар осы күні келіп табысып, өздерінің бұрынғы кеткен кемшіліктерін, араздықтарын жойып, татуласып тарасады.

«Амал» мерекесін тек қазақтар емес, жергілікті тұрғындардың барлығы асыға күтеді. Себебі бұл шын мәнінде батыс өңір үшін халықтық мейрам. Солардың бірі Олег Атанасов мереке күнгі көңіл-күйімен бөлісті.

Олег Атанасов, қала тұрғыны:

– Көрісу – үлкен мереке. Бұл күні біз ағайын туыстарға барамыз. Жасы үлкендерге көрісеміз. Ренжіген, араласпай жүрген ағайындармен қауышамыз. Көрісу – ол достық пен сыйластық мерекесі.

Арыстанбек Кенже, тілші:

–Жылда бұл мезгілде көк шықпағанымен, қар кетіп, қала мен дала көктем лебін сезінетін еді. Биылғы сиыр жылының қысы созылып барады. Кеше Атырауды қалың қар басса, бүгін, күн ашық болғанымен шыңылтыр аяздың сынар түрі жоқ. Соған қарамастан амал мерекесін атап өтушілердің көңілі көтеріңкі Қыс қаһары қанша қысқанымен енді аз күнде әз-Наурыз келеді. «Самарқанның көктасы еритін», шаруаның бір малы екеу болып, көңілге тоқтық сыйлайтын шақ қашық емес. Ендеше, жыл жаңарып, алыс-жақын ағайын қауышқан осынау «Амал мерекесі» ізгі үміттің, жақсылықтың бастауы болғай!

Автолары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев