ШҚО-да стратегиялық нысандар жекенің меншігіне өте ме?

«Өскемен мен Шүлбі гидроэлектростанциясын жекешелендіру процесі әлі тоқтаған жоқ. Мүдделі топтар бұл мәселені уақытша жауып қойды». Шығысқазақстандық қоғам белсенділері осылай дабыл қағуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған қатысты бірқатар нақты дәлелдер де келтірді. Өйткені энергетика министрлігіне қарасты бөгеттер әлі күнге дейін алғашқы кезекте жекешелендірілетін мемлекеттік 8 нысан тізімінде тұр. Стратегиялық маңызы бар су электр станцияларының тағдыры қалай шешіледі? Өскемендік журналист Денис Данилевский мемлекет меншігіндегі нысандарды жекешелендіру бағдарламасын үнемі қадағалап отырады. Әсіресе Өскемен және Шүлбі гидроэлектростанциясы жіті бақылауда. Үкімет шешімімен оларды Біріккен Араб Әмірліктері инвесторларының иелігіне беру мәселесі нормативтік-құқықтық актілерден алынып тасталған. Дегенмен еліміздің энергетика министрлігіне қарасты бұл нысандардың стратегиялық активтері электронды саудада әлсін-әлсін көрініп қалады.

Денис Данилевский, журналист, белсенді:  

– Жекешелендіру бағдарламасынан ГЭС-терді алып тастау туралы қаулы қабылданған. Алайда олар жекеге өтетін нысандардың тізімінде әлі тұр. Неге бұлай болды? Мұнда біз білмейтін бір гәп бар сияқты.

Қазір Өскемен су электр станциясының қуаттылығын арттыру жайы қарастырылып жатыр. Демек жылдық жалпы табысы 2 миллиард теңгеге жеткен бұл кәсіпорынның кірісі арта түседі. Ол мемлекетке түсе ме, әлде жеке компанияға ма? Оны қуаткерлер де білмейді. Олар тек өздеріне жүктелген жұмысты атқарып отыр. Энергетиктердің пікірінше, меншік құқығы қандай болса да, су электр станциялары жоспарлы жаңғыртудан өтуі тіис. Өйткені 2027 жылға дейін өңірде электр қуатының тапшылығы сезілуі мүмкін. Сол себепті Өскемен ГЭС-інің қуаттылығын 12 мегаваттқа арттыру көзделген.

Светлана Нищенко, су электр станцияларының қоғаммен байланыс жөніндегі маманы:

– Меншік құқығына қарамастан бұл энергетикалық кәсіпорындарға техникалық қызметтер көрсетіле береді. Өскемен су электр станциясында №3 гидроагрегат күрделі жөндеуден өтеді.

Жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асыруға жауапты бас оператор – ұлттық экономика министрлігіндегілер бұл стратегиялық нысандардың тағдыры қалай шешілетіні жөнінде жарытып ештеме айтпай отыр. Журналистердің осы мәселеге қатысты туындаған сауалдарын аталған ведомствоның баспасөз қызметі қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік комитетіне жолдаумен шектелуде. Шенеуніктердің жалтарма жауабы өз кезегінде қоғам мүшелерін одан сайын алаңдата түсті. Демек, ГЭС-тердің тағдыры басы ашық мәселе күйінде қалды деуге толық негіз бар. Стратегиялық нысандар болашақта кешенді жекешелендіру бағдарламасынан алынып тастала ма, жоқ па, оны мемлекеттік комиссия қарастырады. Соған сәйкес, нақты бір шешім қабылдануы тиіс.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Вячеслав Ветлугин, Гүлнар Әмренова, Дмитрий Пыхтин