А.Омарова: Бүлік кезінде қауіпті химиялық қоспа ұрланған

Қаңтар оқиғасы кезінде қоймадан 15 бөшке калий цианид ұрланған. Бұл химиялық заттың 500 граммының өзі бір қаланы уландыруға қауқарлы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы бүгін өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында белгілі құқық қорғаушы Айман Омарова мәлімдеді. Заңгер бұл оқиғаларға күштік құрылым өкілдерінің де қатысы бар екенін айтып отыр. Айман Омарова қаңтардағы қайғылы оқиғаны тергеуді арнайы прокурорларға беру керек деп отыр. Құқық қорғаушылар көптеген ақпаратты ішкі істер министрлігінен алды. Ал бас прокуратура мен басқа органдар қылмыстық істер жөніндегі материалдарды беруге құлықты емес, – дейді. Тіпті тәртіпсіздіктер кезінде қоймалар тоналып, аса қауіпті химиялық қоспасы бар бірнеше бөшке ұрланған.

Айман Омарова, «Aqiqat» қоғамдық комиссиясының төрағасы:

– Қоймадан калий цианидінің 15 бөшкесі ұрланған. Бұл заттың 500 грамының өзі бір қаланың тұрғындарына қауіпті залал келтіреді. Зауытта шамамен 35 бөшке болған. Қоймаларда одан өзге де каустикалық сода, азот қышқылы сынды химиялық заттар болды.

Заңгер қасіретті қаңтар кезіндегі оқиғалар билікті күшпен басып алу мақсатымен ұйымдастырылғанын атады. Жаппай тәртіпсіздікті кәсіби дайындалған топтар басқарған. Ол топтарды тек азаматтық тұлғалар ғана емес, арнайы қызметтің, сондай-ақ криминалдық топтың шабармандары басқарған. Осындай елең-алаң шақ, дүрбелең туған сәтте Президенттің ел іргесін сөкпей, аман алып қалғанын Мәжіліс төрағасы да айтты. 

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Сын сағаттарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев шұғыл да жігерлі шешімдер қабылдап, елді осындай ауыр соққыдан алып шықты. Жағдай тез арада тұрақтанды. Уақыт өте келе бұл жағдай тұрақталды. Елдік пен тұтастықты сақтап қалу үшін жасалған бірден бір дұрыс қадам екенін түсініп келе жатырмыз. Заңдық тұрғыдан барлығы мінсіз болуы қажет. Асығыстық танытуға болмайды. Себебі таразы басында азаматтарымыздың тағдыры тұр. Бұл жөнінде Президентіміз кінәлі адам жазалануы тиіс, ал кінәсіз адам жазаланбауы керек деген. Бұл тапсырма мүлтіксіз орындалуы керек. 

Ал еліміздің ішгкі істер министрі Марат Ахметжанов қамауға алынған күдіктілердің конституциялық құқықтары толығымен сақталып жатқанын айтты. Жалпы тергеу қылмыстық процестің үш буынды моделіне сәйкес жүргізіліп жатыр. Яғни тергеушілердің барлық негізгі шешімдері прокурордың сүзгісінен өтеді. Осылайша үш сатылық бақылау арқылы процестің әділеттігі қамтамасыз етіледі.

Марат Ахметжанов, ҚР ішкі істер министрі:

– Қызметкерлердің өкілеттігін асыра пайдалану фактілеріне қатысты шағымдар бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Объективті болу үшін бұл істер прокуратура және жемқорлыққа қарсы қызметке берілді. Тергеу амалдары міндетті түрде бейнекамераға жазылуда. Оған қорғаушылар да қатысып жатыр. Дегенмен қазіргі таңда заңсыз айналымда әлі де көптеген қару-жарақ бар. Оны қайтару бойынша барлық шаралар қабылданып жатыр.

Қамауда жатып, тергеу барысында азап көргендердің құқығы қорғалу керек.  Еліміздегі адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова осылай дейді. Арашашы болып жүрген уәкілдің айтуынша, азаптау және өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша 243 қылмыстың іс тіркелген. Жалпы заң бойынша азаптау, қорқыту сияқты өзге де қатыгез қарым-қатынасты қолдана отырып алған дәлелдемелер жарамсыз деп танылады. Сондай-ақ ол алдағы сот процестерінің ашықтығы және оған тәуелсіз бақылаушылардың қатысуы маңызды деп отыр.

Эльвира Әзімова, адам құқықтары жөніндегі уәкіл:

– Прокурорлық тексеру нәтижелері бойынша уақытша ұстау изоляторы мен арнайы жайлардан 302 азамат босатылды. Бұрын қамауға алынған 200 азаматқа бұлтартпау шарасы өзгертілді. Ауыр қылмыс жасады деп айыпталған 29 кәмелетке толмаған баланың 28-і ата-аналарының кепілдігімен берілді.

Қаңтар оқиғаларын зерттеу бойынша «Aqiqat» қоғамдық комиссиясы қызу жұмыс үстінде. Комиссия құрамына 20-дан астам қылмыстық процестерде үлкен тәжірибесі бар қазақтілді заңгерлер мен құқық қорғаушылар кірген. Комиссия тек қолжетімді материалдар негізінде ғана қорытынды шығарады. Заңгерлер тергеу жұмыстарының әлі де жалғасатынын айтады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Жандос Битабаров