Қазақстанда бір тәулікте үш адам пойыз астына түсіп қала жаздады

Бұл туралы ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қалижан Қобландин айтты.

Оның айтуынша, Қазақстанда бір тәулікте теміржол көлігін шұғыл тежеу бойынша оннан астам оқиға тіркелген. Соның ішінде 2 адам пойыздың астына түсіп кете жаздаған. Бұл фактілер Алматы облысында, Ақтөбе және Нұр-Сұлтан қалаларында болған. Тексеру барысында ол азаматтардың, көлік полицейлерінің тұрақты ескертулеріне қарамастан, теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өткендіктері анықталды, деп хабарлайды Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі. Қырағылық танытқан машинистер теміржол құрамын дер кезінде тоқтатып, қайғылы оқиғаның алдын алған. Үш құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 5-бөлігімен, яғни теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өту бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.

«Сонымен қатар теміржол төсемінің жанында мал бағу мәселесі өзекті болып отыр», – деді Қ.Қобландин. – «Пойыздарды бес рет шұғыл тежеу қолданудың нәтижесінде малды басып кетудің алды алынды, дей тұрсақ та үй жануарларын қағып кетудің екі фактісі тіркелді. Теміржол маңында жайылып жүрген мал иелеріне әкімшілік хаттамалар толтырылып, оларға айыппұлдар салынды».

14 және 16 наурыз аралығында теміржолдағы шұғыл тежеу, басып кету, жарақат алу фактілерінің алдын алу мақсатында департаментінің қызмет көрсету аумағында «Тоқтаңыз, басып кету қаупі бар!» акциясы өтуде.

Көлік полицейлері азаматтарға теміржол бойында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттілігін ескертеді.