Елордада баспана құрылысы баяулап барады

Елдегі құрылыс саласы «қиындықтарға тап болдық» деп отыр. Құрылысшылар өткен жылдан бері шикізат бағасының қымбаттығын айтып, дабыл қаққан. Қымбатшылықтың кесірінен шаш етектен шығынға батып, жұмыс істеуге мәжбүрміз дейді.

Елдегі құрылыс саласы "мүгедектің күнін" кешуде. Үкімет мамандардың базынасына бас ауыртпайтын секілді. Мұны бүгінгі жиында құрылысшылардың өз аузынан естідік. Десе де, "тамшы тас жарадыға" салып, қордаланған мәселелерді қайта көтеріп отыр.

Естеріңізде болса, былтыр елдегі құрылысшылар шикізат бағасының шарықтағанын айтып, дабыл қаққан. Қымбатшылықтың кесірінен келісім-шарттың құны көк тиын болды. Шаш етектен шығынға батып жұмыс істеуге мәжбүрміз деген. Сондықтан құрылыс тұралап қалсын демесе, билік келісім-шартты қайта қарап, қосымша қаржы бөлуді сұрады. Алайда мамандар бұл түйткілдің түйіні сол күйі тарқамады деп ренжулі. Ал Ресейге салынған санкциялар нарықтағы жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді.

Бисен Жолболдиев, Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы:

- Біз қазір байқап отырмыз, сметалық көрсеткіштер 10 пайыздан жоғары қымбаттап кетті. 15-18 пайызға дейін. Сол себепті оларды қайт қарастыру керек. Егер бұл мәселені қазір шешпесек, түбегейлі, мердігерлер тапсырысты уақтылы орындай алмайды. Тиістінше бұларды қара тізімге кіргізуі мүмкін. Ол кезде екі жылға дейін олар шығарылмайды. Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 31 жоба құнның өзгеруіне байланысты уақытша тоқтатылған болатын. Бұл мемлекеттік нысандар. Бұл жерде үйлер бар, мектептер бар, инфрақұрылымдық жобалар бар. 

Құрылыс кідірсе, үй бағасы шарықтайды. Ал оның зарбадын түптеп келгенде қарапайым халық көреді. Ресми деректерге сүйенсек, елде құрылысқа қажет материалдар мен құрал-жабдықтардың 60 проценті шеттен тасымалданады. Бұл салада басты импорттаушы Ресей болса, Қытай мен Түркиядан келетін шикізат түрі көп.

Серікжан Мергенбаев, құрылыс компаниясының өкілі:

- Біздің импортымыз валютаға байланысты. Валюта 520 теңгеге дейін өсті. Яғни 20 пайызға импорт қымбаттады. Сондықтан біздің проектілеріміз соншама мөлшерге қымбаттаған деген сөз. Бұған қоса, Ресейден, басқа елдерден логистикаға байланысты ол баға одан да көп асады. Енді біз бұл шығындарды қайдан өтейміз? Үкіметтің жауабы, біз түсінеміз, біздің заңнама бойынша алгоритм осындай. Сіздер корректировкадан өтулеріңіз керек. Заказчик шешім қабылдауы керек, жергілікті орган ақша бөлуі керек деген алгоритді айтып жатыр. Оның уақыты кем дегенде 6 ай. 6 айда компаниялар жабылып жатыр. Сотталып жатыр. 

Демек, дереу іске кіріспесе, нәпақасын құрылыстан тауып отырған 30 мыңдай адам жұмыссыз қалады. 600-дей нысанды салу мүлде тоқтайды. Мамандар осыған алаң. Бұдан бөлек жиында құрылыс саласындағы шағын несиелердің көлемін арттыру, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан нысандарды тапсыру мерзімін ұзарту мен компанияларды уақытша айыппұл мен төлемдерден босату ұсынылды.

Назерке Тоқжан, Ерзат  Зайытхан