Атырауда баға ырық бермей тұр

Атырауда азық-түлікке, соның ішінде қант, ұн және күріш пен күнбағыс майына сұраныс күрт артқан. Сенбі-жексенбі күндері облыс орталығында 40 тоннадан астам қант пен 12 тонна ұн сатылыпты. Күнделікті тұтынатын тағам түрлерін қап-қабымен алушылар көп. Алыпсатарлар қант келісін 450-480 теңгеге дейін көтеріп жіберді. Салдарынан жергілікті әкімдікпен келісім-шарт жасасқан ірі сауда орындарында қарбалас басталды. Жергілікті билік бағаны бақылауда ұстап отырмыз дейді.

Біз аралап көрген бұл сауда орталығы қаладан қашық Жұмыскер ауылында орналасқан. Мұнда 36 мыңнан астам тұрғын бар екен. Ұзынсонар кезек болмағанымен тұтынушылардың азық-түлікті молынан қамтып жатқанына куә болдық. Себебі бүгін бар тағам ертең болмай қалуы мүмкін деген үрей басым.

Мэлс Молдабаев, қала тұрғыны:

- Азық-түлік өте қымбат. Еңбекақы төмен, баға міне ұнның бағасы өскен, қанттың бағасы көтеріліп кетті. Қазір міне 50 мыңға тамақ алып тұрмын, ол 1 жетіге жетеді.

Тұрғындар күріш пен ұнды қаптап алып жатыр. Сосын күнбағыс майы мен қантқа сұраныс артыпты. Сатушылар айлық жоспарларын өткен екі күнде орындап шыққандықтарын айтады. Тіпті бар қантты сөреге қойып үлгере алмадық, дейді дүкеншілер.

Ұлжан Танашева, сауда орталығының әкімшісі:

- Мысалы, кеше 500 келідей қант өтті осы сауда орталығында. Оның алдыңғы күні 1 тонна сатылды. Білмедім, халық неге секерді көптеп алып жатқанын. Түсінбеймін, запаста бұйырса, 24 тонна келейін деп тұр. Ол келісім бойынша, бірақ бағасы өседі деген құжат келген жоқ. 

Қант тапшылығы алдымен базарлардан басталды. Олар өткен аптада көршілес Астраханнан келетін азық-түлік керуенінің келмеуіне байланысты тағам түрлерінің бағасын бірден 45-50 процентке көтеріп жіберген. Салдарынан сауда орындарында дүрбелең басталды. Бірақ әзірге азық-түлік бағасына алаңдауға негіз жоқ секілді.

Алтынай Ерубаева, қалалық кәсіпкерлік және АШБ басшысының орынбасары:

- Келісім-шарттар нақты. Бағалар өзгерген жоқ. Қазіргі уқытта «Ярмарка» супермаркетінде қант 350 теңгеден, «Идеалда» 359 теңге. Кеше ғана мониторинг жүргіздік барлық орындарда бар. Шымкенттен 190 тоннаға келісім бар. Ол аптаның ішінде келеді. Және продкорпарация 136 тонна қант Атырау облысына бөліп жатыр. 

Онан өзге Батыс Қазақстан облысында ақшасы төленген 600 тонна ұн сақтаулы тұр. Оның алғашқы 13 тоннасы әкелініп, наубайханаларға таратылды. Күні бүгін Атырауда бірінші сұрыпты 10 келі ұнның бағасы 2190 теңге, бөлке нанның бағасы 95 теңге төңірегінде. Бірінші кезекте тұтынылатын азық-түліктің 12 түрімен қамтуға жауапты мекемелерге 400 млн теңге аударылыпты. Қажет болса, жергілікті бюджеттен қосымша қаражат қаралатын болады.

Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев