Құрылысшылар жұмыс тұралап қалмау үшін биліктен қосымша қаржы бөлуді сұрады

Елдегі құрылыс саласы қорғансыздың күйін кешті. Құрылысшылар бүгін осы мәселені көтеріп, жиын өткізді. Былтыр елдегі құрылысшылар шикізат бағасының шарықтағанын айтып, дабыл қаққан. Қымбатшылық кесірінен келісім-шарт құны көк тиын болды. Шаш етектен шығынға батып, жұмыс істеуге мәжбүрміз деген. Сондықтан құрылыс тұралап қалмау үшін биліктен келісім-шартты қайта қарап, қосымша қаржы бөлуді сұрады.

Серікжан Мергенбаев, құрылыс компаниясының өкілі:

- Біздің импортымыз валютаға байланысты. Валюта 520 теңгеге дейін өсті. Яғни 20 процентке импорт қымбаттады. Сондықтан біздің проектілеріміз соншама мөлшерге қымбаттаған деген сөз. Бұған қоса Ресейден, басқа елдерден логистикаға байланысты ол баға одан да көп асады. Енді біз бұл шығындарды қайдан өтейміз? Үкіметтің жауабы, біз түсінеміз, біздің заңнама бойынша алгоритм осындай. Сіздер корректировкадан өтулеріңіз керек. Заказчик шешім қабылдау керек, жергілікті орган ақша бөлуі керек деген алгоритмді айтып жатыр. Оның уақыты кем дегенде 6 ай. 6 айда компаниялар жабылып жатыр.   

Демек, дереу іске кіріспесе, нәпақасын осы салада тауып отырған 30 мыңдай адам жұмыссыз қалады. 600-ге жуық нысанның құрылысы мүлде тоқтайды. Мамандар осыған алаң. Жиында құрылыс саласындағы шағын несиелер көлемін арттыру, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан нысандарды тапсыру мерзімін ұзарту мен компанияларды уақытша айыппұл мен төлемдерден босату ұсынылды.

Бисен Жолболдиев, Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы:

- Біз қазір байқап отырмыз, сметалық көрсеткіштер 10 пайыздан жоғары қымбаттап кетті. 15-18 процентке дейін. Сол себепті оларды қайта қарастыру керек. Егер бұл мәселені қазір шешпесек, түбегейлі мердігерлер тапсырысты уақтылы орындай алмайды. Тиісінше бұларды қара тізімге кіргізуі мүмкін. Ол кезде екі жылға дейін олар шығарылмайды. Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 31 жоба құнның өзгеруіне байланысты уақытша тоқтатылған болатын. Бұл мемлекеттік нысандар. Бұл жерде үйлер бар, мектептер бар, инфрақұрылымдық жобалар бар.