Жамбыл облысында Батыс Еуропа - Батыс Қытай автожолының бойы қоқысқа толды

Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралінің бойы күл-қоқыс алаңына айналып барады. Халықаралық жолдың Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы бөлігіне жергілікті әкімдік бірнеше күл-қоқыс алаңын салып тастаған. Тұрғындар о баста қарсылық білдіріп, талап етсе де әкімдік құлақ аспай қойыпты. Енді полигоннан ұшқан қалдық бірнеше шақырымға жайылып, егіс алқаптары ластанып жатыр.

Жұрттың наразылығын тудырып отырған мына қоқыс алаңы. Тура халықаралық жолдың бойында тұр. Мұнда төгілген тұрмыстық қалдықтар жел тұрған сайын ұшып күре жолдың бойы шашылып жатыр. Таяқ тастам жерде тұрған шаруалардың егіс алқабы мен бейіттердің іші пакеттер мен қаптамаларға толған. Айналасы ит, мысық пен малдың өлекселеріне толып сасыған иіс қолқаны қабады. 

Қоқыс алаңындағы жағдайды бақылап қарап жатқан пенде жоқ. Темір қоршауы ұрланып, бағандарын кесіп әкеткен. Әкімдіктегілер арыз жазып іздеу салғанымен полиция баукеспелерді бір жылдан бері іздеп таппай жатыр. Ал қайта қоршауға бюджеттен тағы да миллиондарды бөлгісі жоқ. Дәл осындай қоқыс алаңы жолдың бойындағы Малдыбай ауылының тұсына да салынған. О баста құрылыс басталған кезде-ақ ауыл ақсақалдарынан бастап 100 шақты тұрғын қарсылық білдіріп өтініш жазып өткізген. Бірақ оған құлақ асып жөн сұраған адам болмапты.

Бейсебай Қожабергенов, Өрнек ауылының тұрғыны:

- Ауыл ақсақалдары, қарсы шыққан. Ауылдың жігіттері қарсы шыққан. Әкімшілікте жиналыс болғанда ауданның әкімі болған. Бәрінің көзінше айтылды ғой бұл мәселе. Жабылсын деп. Болды соғылып қойды. Болды деді. Сонымен қалды ғой. Халықтың тек қана осыған шамасы келді. Айттық болды.

Нұрслан Шәріпбаев, Өрнек ауылының тұрғыны:

- Қарсылық танытқанбыз. Әлі күнге дейін жабылмай келе жатыр. Мына қоршауы жоқ. Көріп тұрсыздар ішінде өлекселер жатыр. Ауру тудыратын қаупі болуы мүмкін. Сондықтан бұның алдын алу керек. Экология айналысу керек. Егер істемесе өзіміздің күшімізбен халық боп, ел боп өзіміз-ақ көміп тегістеп осы жерді қалпына келтіреміз әкімнен көмек болмаса. 

Халықтың шағымы мен талап-тілегін билік естіп, мән-жайды білсін деген ниетпен телеарнамыздан былтыр да көрсеткенбіз. Содан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де нәтиже жоқ. Осы жолы шешімді кесіп айтып нақты жауап берудің орнына аудан әкімі кабинетінен шықпай да қойды. Ал жауап беруге келген мамандар мәселені біліп тұрса да, былай деп жауап берді.

Жасұлан Ғұмырқұлов, Тұрар Рысқұлов аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімі басшысының м.а:

- Егін өртеніп кетсе желмен ұшып кім жауап береді? Нақты енді ол жағын айта алмаймын. Ол жағын басшылар шешеді. Басшылар ақылдасып, ауыл тұрғындарымен ақылдасып сонымен шешімге келеміз деп ойлаймын. Неге басында ақылдаспадыңыздар? Ауыл тұрғындарымен ақылдасылуы қажет ол. Ақылдасып берілген нәрсе.

Аудан бойынша соңғы жылдары осындай 14 қоқыс алаңы қоршалған. Олардың әрқайсысы 6,5 миллион теңгеге бағаланып, тендер ойнатылған. Қазір Ақыртөбе мен Ақбұлақ ауылдық округіндегі миллиондарға істелген полигондар тоналып айра-жайра күйде жатыр.