Қызылордада қоғамдық көлік қызметі көңіл көншітпейді  

Қызылордада қоғамдық көлік қызметі көңіл көншітпейді  

Қызылордалықтар қоғамдық көлікті ұзақ күтеді. Халық мәселені айтып, қала әкімдігінің табалдырығын талай тоздырған. Бірақ «баяғы жартас, бір жартас», деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызылорда көшелерімен қатынайтын 600-ге жуық автобустың жүргізушілері де жол тәртібіне бағына бермейді. Жыл басынан бері осы қоғамдық көліктерге қатысты 500 хаттама толтырылған.

Қамбар Бекенов, тілші:

– Әлеуметтік желіге шағымын жазған тұрғындардың көбісі автобустарды сарыла ұзақ күту керектігін айтады. Ал сенбі-жексенбі күндері қоғамдық көлік қатары мүлдем сиреп кетеді. Әсіресе қала маңындағы саяжайлар мен Сырдарияның сол жағалауына қоныстанған тұрғындардың қатынауы қиындау екен.

Қала тұрғындары:

– Маршрутта адамдар көп болады. 5-маршрут, әсіресе, жарысып жүреді. Адамдарды көп тиеп алады.

– 7 мен 10 сосын 1 маршрут аздау. 7 кейде жақсы жүреді. Жалпы саны аз маршруттардың.

– Күтеміз енді, кейде 20 минут, кейде жарты сағат, кейде 40 минут. Қанша көлік шығады соған байланысты ғой.

– Шаңқай, Тасбөгет, Саяхат дейтін баратын жерге бар алмайсың.

Бір-бірімен жанталаса жарысқан шағын сыйымдылықтағы көліктер жол қауіпсіздігі ережесін сақтай бермейді. Бұған «Автобус» профилактикалық шарасы кезінде көз жеткіздік.  5-бағытқа қатынайтын «Спринтер» көлігі жуырда  аударылып, 15 жолаушы зардап шекті. Тәртіп сақшыларының айтуынша, шағын автобус иелері  көлікті техникалық тексерістен уақытылы өткізбейді. Құлағынан телефон түспейтін жүргізушілер кез келген жерге кілт тоқтайды қалады екен. Жол-патрульдік инспекторлар жүгенсіз жүргізушілерді жөнге келтіруге тырысқанымен нәтиже мардымсыз. Сол себепті жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті, – дейді жергілікті полиция өкілі.

 Жұлдызбек Құскеев, ЖПҚБ штаб бөлімінің бастығы:

– 2021 жылдың 12 айында 473 жол-көлік оқиғасы орын алып, 125 адам қайтыс болса, 575 адам түрлі дене жарақатын алған. Оның ішінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен 82 жол-көлік оқиғасында 12 бала көз жұмды. 103-і дене жарақатын алды. Ағымдағы жылы балалардың қатысуымен 3 жол-көлік оқиғасында 2 бала қайтыс болып, 4-еуі дене жарақатын алды.

Жолаушылар тасымалын ретке келтіріп, шет аймақ тұрғындарын қалыпты қатынаспен қамту үшін көлік және коммуникациялар ғылыми-зерттеу институтымен жаңа жол сызбасы әзірленді. Бірақ жаңа жүйені қолданысқа енгізуге автобус жетіспейді.

Дархан Бақтияров, қалалық ТҮКШ, ЖК  және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– Қызылорда автобус паркі» ЖШС арнайы тех-экономикалық негіздеме ұсынылып, облыстық бюджетке өтінім ұсынылды. Яғни 100 Газель NEXT және 50 ПАЗ автокөлігін алуға. Әрі қарай қаржы қарастырылған жағдайда толығымен қамтитын боламыз.

Қамбар Бекенов, тілші:

Қазіргі таңда қалалық автобус паркіне қарасты қоғамдық көліктер ғана электронды төлем құрылғысын орнатқан. Ал жеке шағын автобустар оған асықпайды. Сол себепті де субсидиядан қағылып отыр. Енді жергілікті билік жыл соңына дейін сол жеке автобустарды бірыңғай жүйеге енгізіп, оларды диспетчерлік орталық арқылы басқаруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев