Оралда заңсыз автотұрақтар жойылады 

Оралдағылар орталық базардың маңайына такси тақалтпай қойды. Бұған әрине нәпақасын осы кәсіптен тауып жүрген жүргізуішлер наразы. Өйткені үйреншікті тұрақтарынан айырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір таксилер аялдайтын көшеге тоқтауға тиым салатын жол белгілері ілінген. Ал Кердері көшесіндегі кептеліске көз үйренгелі қашан? Әсіресе базарға кірер тұста қозғалыс тіпті қиындайтын. Енді оларға бұған дейін басқа көшеде тұрған такси көліктері қосылды. Өйткені жолаушы мінгізетін тұстарға көлік тоқтауға болмайды деген жол белгісі ілініпті.     

Жаңабай Бердіғалиев, такси жүргізушісі:

Мына Рабочая бойын түгел жауып тастады. Екі бетіне рұқсат жоқ деген белгі қойып тастады. Базарға келіп тауар, бірдеңе алайын десек, мына жерлерге тұрғызбайды. Өткендет 2-3 рет айыппұл алдым осы жерден. Ең болмаса, бір жақ бетіне қойса белгіні.

Қаныбек Қитаров, такси жүргізушісі:

– Рұқсат жоқ жерде Белес ауылының таксилері тұрды. Енді қазір бәріміз Янтарьдің алдына кетіп қалдық. Кісілер таба алмай жүр біздің қайда жүргенімізді. Ауылдың таксилері, маршруты, бәріміз сол жерде тұрамыз. Нан тауып жүрген жұмысымыз ғой, орынның жоқтығынан қиындықа ұшырап жатырмыз. Белгіні алып бұрынғы орынымызды берсін қайтадан.

Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, бұған дейін такси көліктері аялдаған тұрақтар  заңсыз. Енді жолаушы тасымалымен айналысатын таксилер арнайы белгіленген орындарда ғана тұруы тиіс.  

Альберт Бекмұхамбетов  қалалық ТҮКШ автокөлік жолдары секторының бас маманы:

Жаңадан 7 орынды белгілеп пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Олар Жұмағалиев көшесі 95 үй, «Азиза» сауда үйінің жанындағы Досмұхмұхамедов пен Құрманғазы – Дина Нұрпейісова көшелерінің екі бағыты бойынша. Бұл жұмыстарды көлік инспекциясымен бірлесіп жүзеге асырамыз. Инспекторлар рейд жасап тұрады. Арнайы жабдықталмаған және тиісті құжаттары жоқ көліктер бұл жерлерде тұрмауы керек. Біздің мақсат заңсыз такси қызметінің жолын кесу.  

Айбек Асабаев, қалалық ПБ жол-техникалық инспекциясының аға инспекторы:

– Негізгі бағыты Досмұхамедов көшесінің Құрманғазы көшесіне дейінгі аралықтағы көлік қозғалысын өткізу қарқындылығын күшейту мақсатында орнатылған шаралар болып саналады. Жол белігісі орнатылған  мезгілден бастап бір екі күндік тұрғыда жүргізушілерге түсндірме мақсатта профилактика жүргізілген болатын. Әрі қарай әкімшілік жазаға тартылған белгілі болған.   

Біз түсірілім жасап жатқан кезде коммуналдық сала қызметкерлері «көлік құралдары тоқтауға болмайды» деген тағы бір жол белгісін іліп үлгерді. Қала билігі ендігі кезекте белгіленген орындардан тыс жерлердегі заңсыз сауда орындарын таратуды көздеп отыр.     

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов