Шымкентте 41 жастағы азаматқа өз бауыры донор болды

Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханасында кезекті рет бауыр алмастыру отасы жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы 41 жастағы азаматтың бауыры ауыстырылды. Науқасқа өзінің бауыры донор болды. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті. Ағза алмастыру отасы жасалған науқас Түркістан облысының тұрғыны. Пациент ұзақ жылдар бойы бауыр циррозынан зардап шегіп келген. Күрделі операция 13 сағатқа созылған. Дәрігерлер қазіргі таңда ота жасалған бауырлардың жағдайы жақсы екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, бүгінге дейін №1 қалалық клиникалық ауруханасында 181 бүйрек және 24 бауыр алмастыру отасы жасалып, барлық трансплантациялар сәтті өткен.