Сегіз ай бұрын сайланған ауыл әкімдері не тындырып жүр?

Осыдан тура 8 ай бұрын Қазақстан тарихында алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар өз таңдауын жасап, бағдарламасы үздік үміткерлердің бағы жанды. Сол жұрт сенген жаңа әкімдер осы аралықта не тындырып үлгерді, ауыл-аймақта өзгеріс бар ма?

Қарағанды облысындағы ең жас әкім Расул Қасенхан ең шалғай ауылдардың біріне әкім болып сайланды. Содан бері қала баласы қайтсем де ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартамын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Алғашқы иығына түскен ауыр жүк – су мәселесі. Гүлшат кентінде ауызсу тасымал. Бау-бақша өсіруге, мал суаруға жетпейді.

Талғат Тезекбаев, Гүлшат ауылының тұрғыны:

- Шамасы келіп, мал алып отырған жастар негізі. Қайтып келіп жатыр ғой. Сол мәселені ұстап қалу үшін су керек.

Жергілікті жұрттың айтуынша, шаруашылыққа қажетті суды іргедегі Балқаш көлінен тартуға болады. Жаңа әкім сол жұмысты қолға алып, жобаның техникалық-сметалық құжатын әзірлеп, бюджетке өтінім берген. Қазір тиісті қаржы бөлініп, жұмысты атқаратын мекемемен келісімшарт жасалған.

Расул Қасенхан, Гүлшат ауылының әкімі:

- Балқаш көлінен Гүлшат ауылына дейін су құбыры орналастырылған. Жарты құбырды бюджеттік қаражатқа ауыстырып, қалған 3,5 шақырымы күн электр станциясының демеушілік есебінен ауыстырылған болатын. Енді күнара беретіндей қылып, тал суғаруға, малға беруге деп шешілетін болады.

Ауылда жастарды тұрақтандыру үшін ең алдымен кенттегі әлеуметтік жағдайды жақсарту қажет. Қазір жас әкім елді мекен жанындағы байырғы кеніштердің жұмысын жандандыруға күш салып жатыр. Мырыш пен қорғасын, басқа да полиметалдардың мол шоғыры бар аймақта бүгінде геологиялық барлау жұмыстары басталып кеткен. Сонымен қатар жуырда ауылға жеміс ағаштары отырғызылады. Қазір 500 түп жеткізілген. Жарықтандыру мәселесі де шешімін тауыпты.

Ал Марат Дәуенов Шығыстағы Ұлан ауданы Төлеген Тоқтаров ауылына 8 ай бұрын әкім болып сайланды. Оған дейін аудан аппаратында заңгер болып қызмет істеген маманға бұл сала таңсық емес. Сондықтан қабылданған бағдарламаларды іске асыруға бірден кіріскен. Сөйтіп 2019 жылы басталған орталық су құбырын тарту жұмысының аяқталуына себепші болды. Қазір 400 адам игілігін көріп отыр.

Айтқазы Керебаев, Төлеген Тоқтаров ауылының тұрғыны:

- Қазір міне, сол суды қолданып отырмыз. Бұрынғы қолданып жүрген үйдегі скважинаға қарағанда мынаның суы да жұмсақ, дәмі де бөлек.

Ауылда тек ауыз су ғана емес, биыл жаңа бөбекжай да ашылды. Жергілікті кәсіпкер бұрынғы мектептің ғимаратын бастан-аяқ жөндеуден өткізген. 160 бүлдіршінге шақталған мекемеге қазір ауылдағы 60-қа жуық бала барып жүр. Сондай-ақ жұмысы тоқтап тұрған мәдениет үйін мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында қайтадан қалыпқа келтіру жоспарда.

Марат Дәуенов, Төлеген Тоқтаров ауылдық округінің әкімі:

- Болашақта осы ауылда жол саламыз. Украинка ауылында жарықтандыру болады. Өзіміздің бюджет 16 миллион жылына. Болашақта бар мәселені жоспар бойынша істейміз енді.

Ақтөбе облысының Алға ауданына қарасты Үшқұдық селолық округінде Берік Ақбергенов 2018 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бұған дейінгі жоспарланған жұмыстарды аяғына жеткізу үшін тағы бір мәрте сайлауға түскен. Сөйтіп үш үміткердің арасында ең көп дауыс жинап, жеңіске жетеді. Аз уақыттың ішінде балабақша ашып, 26 миллион теңгеге ауылдағы орта мектепті жөндейді. Елді-мекенді абаттандырып, жолды жөндеп, көшелерді жарықтандырып, ескірген саябақты ретке келтірген. Сондай-ақ сәуір айында спорт кешені салынады, ол үшін қазынадан 251 миллион теңге бөлінген.

Берік Ақбергенов, Үшқұдық селолық округінің әкімі:

- Болашақта осы Үшқұдық ауылдық округі облыстағы үздік ауылдардың қатарына кіргізу арманым бар. Үшқұдық ауылында облыстық бірінші пилоттық жобадағы Аббаттандырылған ауыл-21 деген форум өтті. Сол форумда алға қойған жоспарлар болашақта орындалады деген үміттемін. Және армандар көп. Сол армандарды орындауға мүмкіндік жасалынады деп ойлаймын.

Айта кетейік, сайлау кезінде еліміз бойынша 2 мың үміткер тіркеліп, халық 730 елді мекеннің әкімін сайлады. Сарапшылар мұны еліміздегі саяси жүйенің кемелдене бастауы, әрі қоғамның демократиялық дамуындағы елеулі қадам деп баға берді.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев