Түркістан облысында жаңбыр суы толастар емес

Түркістан облысында жаңбыр суы толастар емес

Түркістан облысының Мақтаарал мен Жетісай аудандарында толассыз жауған жаңбыр суын сору жұмыстары әлі жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, қызылсуды қанша сорғанмен толастар түрі жоқ. Өткен аптадан бері 169 аулаға су жайылған. Қазір аймақта департаменттің жүзден астам қызметкері мен жергілікті еріктілер жүр. Олар бүгінге дейін мотопомпалардың көмегімен 19 мың текше метр су сорғызған. Түркістан облысының оңтүстік аудандарында бірнеше күннен бері ауа райы құбылып, нөсер жаңбыр толастамай тұр. Салдарынан бірнеше ауылда жерасты сулары көтеріліп, аулаларға тараған. Мамандардың айтуынша, алдағы екі күнде тағы да жауын-шашын болады.

Ерік Сарыбаев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Бүгінгі күнге дейін түскен жаңбырдың мөлшері 66 мм құрап отыр. Бұл көп жылдық нормаларды алатын болсақ, 17 мм болу қажет еді. Тұрғын үйлердің құлауы туралы ақпарат жоқ. Алайда 1-2 қора-қопсылардың құлау фактілері орны алды.