Елде 1,3 млн тонна әлеуметтік маңызға ие азық-түлік қоры бар – Е.Қарашөкеев

Халық қант жоқ деп салбылғалы бірнеше күн болды. Бұл қолдан қымбаттау ма, әлде шынымен елде қант қат боп жатыр ма? Арна тілшісі арнайы зерттеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Халық сауда орындарына ағылып, жаппай азық-түлік сатып алып жатқан соң біз де көз жеткізейік, деп елордадағы бір базарға келдік. Әлеуметтік азық-түліктен ешқандай тапшылық байқалмайды. Мәселен, жаңа біз базарды аралап шыққан кезде көкөнстің де, жемістің де самсап тұрғанын көрдік. Бірақ бағада өзгеріс бар. Әсіресе қант шамамен бір жарым есе, тіпті екі есеге дейін қымбаттап кеткен. Базар әкімшісінің айтуынша, тасымалдаушылар қантты қымбаттатқан. Тиісінше мұндағы баға да бұрынғыдай емес.

Бану Қалкен, базар әкімшісі:

Осы базарда кейбір бутиктерде қанттың бағасы 660 теңгеге жетті десек те болады. Себебі жеткізушілер 600 теңгеден алып келіп жатыр. Тағы да халықты қантсыз қалдырмау мақсатында бутиктегілер арендаторлар алды деп айтсам болады. Ал бұған дейін қантты қаншадан жеткізіп отырды жаңағы тасымалдаушылар? Бұған дейін қант бізде 310-330 деп айтсақ болады келісі.

Дүрбелең немен байланысты? Осы кезге дейін бәріне жеткен қант табан асты неге тапшы бола қалды?

Талғат Демесінов, экономист:

– Қазіргі уақытта пайда болған қанттың тапшылығы ол дүрбелең қолдан жасалған. Жасанды. Жаңағы ақпараттық әртүрлі қате мәліметтерге негізделген себептен пайда болып отыр.

Иә, бірер күн бұрын «қант қат болады, алып алыңдар» деген ақпарат әлеуметтік желіде желдей есті. Содан кеп, жұрт жапа тармағай шекер алды. Пысықайлар қап-қабымен тасыды. Ал үлгермегендері жер сипап қалды.

Жоғарыда айттық. Тасымалдаушылар қантты сауда орындарына қазір жоғары бағамен әкеліп жатыр. Өнімді 600-ден алған сатушылар, 660 теңгеден сатады. Ал мемлекет тарапынан не істеліп жатыр дейсіз ғой. Мемлекет қантты тұрақтандыру қорлары арқылы халыққа қолжетімді бағамен ұсынуда. Бірақ шектеулі мөлшерде сатылады.  Базардың ішінде тұрақтандыру қорының тауарлары сатылады. Көріп тұрғанымыздай қарақұмық, күріш қант дейді. Қанттың келісі тіпті 320 теңге деп көрсетілген. Бүгін бұл жерге қанша келі қант әкелінді және ол неше сағаттың ішінде өтіп кетті?

Гүлназ Сұлтанбаева, сатушы:

– 500 кг қант келеді күнделікті. 2 сағат асып кетсе, адам көп, алушы көп. Бір қолға 3 кг, 5 кг береміз. Ал бұрын қалай болып еді? Жаңағы 500 кг қант неше сағаттың ішінде өтіп кетуші еді? Бұрын қантқа дүрбелең болмаған. Осы 2-3 күннің ішінде басталды, білмеймін немен байланысты екенін, аяқ асты сұраныс көбейіп кеті ғой.

«Сұраныс жуырда төмендейді. Сол кезде баға да тұрақты болады». Мұны бүгін ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты.

Енді жалпы ақпарат. Бүгінде елде қант өндіретін 4 зауыт бар. Алматы мен Жамбыл облыстарында орналасқан. Сол кәсіпорындар шамамен 7 ай бойы қантты өзімізде өскен қызылшадан алады. Ал қалған уақытта шикізат шетелден әкелінеді. Ол шикізатты «қант құрағы» дейді. Сол қазір қымбаттап кеткен. Не керек, бүгінде еліміздегі 4 зауыт халықты қантпен 50 процентке ғана қамтамасыз етіп отыр. Қалған жартысы Ресей мен Беларусьтен импортталады. Вице-премьер, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов шикізаттың қымбаттауы – валюта бағамының өзгерумен байланысты екенін айтты.

Бақыт Сұлтанов, ҚР премьер-министрінің орынбасары, сауда және интеграция министрі:

Ал ауыл шаруашылығы министрі «қорда қант жеткілікті, алаңдауға негіз жоқ» деді.

Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

– Тұрақтандыру қорларында, сауда обьектілерінде, қоймаларда 38,2 мың тонна қант бар. Зауыттардағы шикі қантты есепке алатын болсақ, 20 мың тонна дайын қант, 20 мың тоннадай шикі қант бар. Азық-түлік келісімшарт корпорациясында 2,5 мың тонна қант бар. Осы қантты өңірлерге бөлу жұмыстары жүріп жатыр.

Қанттан өзге азық-түлікке өтсек. Министр Ербол Қарашөкеев «бүгінгі таңда шамамен 1,3 млн тонна әлеуметтік маңызға ие азық-түлік қоры жиналды» деді. Әрі ол қор күн сайын толықтырылып отырғанын айтты. Хош. Биылғы ақпанда жылдық инфляция 8,5 проценттен 8,7 процентке дейін өсті. Азық-түлік те қымбаттады. Атап айтсақ, нан мен сүт өнімдері мен жарманың бағасы өскен. Бұл жайында Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты. Базардағылар да «алдағы уақытта өзге де өнім түрлері қымбаттауы кәдік» деді.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы