25 жылдан кейін қайтарылған мәртебе – Семей

Семейдің Абай облысының орталығы болатыны жергілікті халықтың мерейін өсірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылардың айтуынша, ел қазынасының тікелей өңірге құйылуы мемлекетке еселеп қайтады. Ал атқарушы билік өкілдері қаланы дамыту жоспарын қазірден бастап құруға кірісті. Тұрғындар да талай жылдан бері қордаланып қалған мәселелер енді өз шешімін табады деп сеніп отыр.

Бұл оқиғаны семейліктер көп күтті. Қала осыдан 25 жыл бұрын облыс орталығы мәртебесінен айырылып қалған еді. Енді тағы да өз алдына бөлек болып шықты. Бұдан былай жеке бюджет бекітіледі. Ол жол, жылу, күл-қоқыс секілді өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.  

Бұл әрине халықтың әл-ауқатын жақсартады. Қаламыздың кешегі Алаш астанасы болған Семейіміздің гүлденіп өркендеуіне септігін тигізеді.

Бұл тарихи-мәдени орталық қана емес, жалпы бастамашылдықтың, кәсіпкерліктің, жасампаздықтың орталығы, білім мен ғылымның орталығы, өнер мен мәдениеттің орталығы. Сондықтан Семей қаласын қайтадан әкімшілік аумақтық орталық ретінде статус беру біз үшін үлкен қуаныш.

Бізге жақсы болды, халыққа. Жастарға жақсы болды. Жұмыс болады.

Бүгінгі таңда Семейде 350 мың адам тұрады. Қалада шешілмей жатқан мәселе бастан асады. «Енді оларды көп күттірмей шешуге болады», – дейді сарапшылар. Қаланың облыс орталығы болғанына олар да қуанып отыр.

Зейнолла Тоқаев, профессор:

– Тарихи күн деп айтсақ, ешқандай артықшылығы жоқ. Өйткені Абай атамыздың арқасында бүкіл Қазақстан әлемге әйгілі болған. Енді біз соның бір куәсі болып отырмыз. Ал, енді облысты көтерудің – ол дегеніңіз өте ғанибетті дүние. Мынау халықтың мүддесін ойлағаны.

Отантай Кәрібжанов, республикалық «Абай Құнанбаев» ҚҚ президенті:

– Негізі бұл құрылайын деп тұрған Абай облысы географиялық жағынан республикамызда ең бір жайлы жерде тұрған қала. Өйткені мұның су жолы мың шақырымнан артық, әуе жолы, темір жол жолдарының барлығы бұл тоғыз жолдың торабында орналасқан Семей қаласы үшін үлкен бір абырой, үлкен бір қуаныш деп есептеймін.

Енді жергілікті басқару органдары қайта құрылады. Шенеуніктер артылған міндетті жақсы түсінеді. Олар жаңа мәртебе қала үшін кең мүмкіндіктер ашады деп санайды.  

Айдар Садырбаев, қала әкімінің орынбасары:

– Қаламызға облыс орталығы мәртебесінің берілуі өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуыменен, қаламыздың ажарына ажар қосуменен, сәулетінің өркендеуіменен еселі деп ойлаймыз. Бұл, әриіне, ең алдымен халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына бағытталған тағдыр шешті шешім деп қабылдаймыз.

Жергілікті халық Семейдің енді дамыған қалалардың қатарына қосыларына нық сеніммен қарайды. Өйткені бюджеттен бөлінетін қыруар қаражат ел игілігіне жұмсалады.

Авторлары:  Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Әсем Өтешова, Медет Өмірханов