Қарағанды кеншілеріне жеңідетілген ипотека бойынша сертификат берілді

Қарағанды облысында жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама бойынша кеншілер мен металургтердің алғашқы легіне баспана сертификаты табысталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

5 жылға жоспарланған бағдарламаның алғашқы жылында кемі 120 кенші мен метталург баспаналы болады деп жоспарланған. Бағдарлама мөлшерлемесі 5% құрайды. Бүгін кеншілер алғашқы жеңілдетілген сертификатын алды. Нұржан Тұрсынов металлургия саласында 4 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жас отбасының отағасы баспаналы болып, онда ата-анасымен бірге тұруды көптен армандаған екен. Бүгін қолына сертификат тиісімен баспана іздеуге құлшынып отыр.

Нұржан Тұрсынов, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-да жұмысшы:

– Барлық ерекшеліктермен таныстық, 5 процент бойынша алғашқы жарнасыз, қазіргі таңда ондай бағдарлама жоқ қой шыны керек. Өз отбасымды, ата-анамды қуантып жатырмын. Шыны керек мұндай мүмкіндік кез келген адамға беріле бермейді ғой.

Бұл бағдарлама өткен жылдың соңында Абай шахтасында болған апаттан кейін кеншілер талабы бойынша қысқа уақытта жасақталған. Оған Қарағанды облысының әкімдігі 1 миллиард, «Отбасы банкі» 700 миллион теңге қаржы құйған. Жобаны 5 жыл бойы жалғастыру жоспары бар. Осылайша 600-ден астам кенші мен металлургтің өз үйі болады.

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

– «Арселор миттал» басшыларына осы бағдарламаға қатысып, қаржы құйып, қызметкерлерінің баспаналы болуына қол ұшын беру керек екенін тағы бір атап айтқым келеді. Ал үміткерлерді таңдауға әкімдіктің де, «Отбасы банкінің» де еш қатысы жоқ. Мұны кәсіподақ әр жұмысшының баспанаға мұқтаждық жағдайына қарай отырып жүргізгені дұрыс деп шештік. 

Ипотека қатысушылары бастапқы немесе қайталама нарықтан тұрғын үйді өздері таңдап алады. Оның құны 15 миллион теңгеден аспауы тиіс. Бұл барынша көп адамды қамту мақсатында қойылған шектеу. Несие мерзімі 19 жылға дейін ұзартылған.Облыс әкімі жоба сәтті болса, өзге де қалақұрушы кәсіпорындармен осындай бағдарлама жасақтауға әзір екенін жеткізді.

Авторлары. Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев