Маңғыстау облысында жем-шөп арзандады

Маңғыстау облысында жем-шөп арзандады

Шаруалар қуаңшылықтан аман қалған төрт түлігіне 1 орама шөпті 10 мың теңгеден сатып алып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мал азығының бағасы ақпанда 18 мың теңге болған еді. Бұл малшылардың билік өкілдерімен кезекті рет кездесуінен кейін болған өзгеріс.

2021 жылы Маңғыстауда 1200-дей бас мал қуаңшылықтан қырылды. Ауыл шаруашылығы министрі қиын жағдайға тап болған малшылардың жай-күйімен былтыр да, биыл да келіп танысқан болатын. Соңғы кездесуде шаруалар жем-шөпті жеңілдетілген бағада сатуды талап етті. Соның нәтижесінде ақпан айынан бері 6500 тоннадай шөп келісі 40 теңгеден сатылымға шығарылды.

Ғарифолла Үсенов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- 2021 жылы жерде шөп шықпай, қуаңшылық болды. Соған байланысты малымыз арық болып, бәрі жем-шөпке қарады. Енді Үкіметіміз көмектесіп, 1500 теңгеден жем берді, артынан 1000 теңгеден берді. Шөппен де көмектесті, рулонын 8-10 мың теңгеден. Соның арқасында ептеп-ептеп қыстан шығып келе жатырмыз. Биыл жеріміз жақсы болып кетсе шаруашылығымыз оңалып кетеді деп есептеймін.

Аймақта жалпы құны 2,1 млрд теңгені құрайтын 7 мың 700 тонна мал азығы қоры жасақталған болатын. Қазір жем-шөптің қалғаны осы айдың соңына дейін жетеді. Одан әрі мал азығын тасымалдауға берілген жеңілдіктер де тоқтайды. десек те, жергілікті операторлар келісімшартқа сәйкес шөпті жылдың соңына дейін көлікпен тасуға міндеттелген.

Қазбек Тәшімов, өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Әр рулон 18 мың теңгеден сатылған болатын ақпан айына дейін. Ақпандағы шешімнен кейін жаңағы операторлар өз кезегінде  3 мың теңгесін түсірді. Жаңағыдай «Казиспекс» қоры арқылы демеушілердің есебінен 5 мың теңгеге арзандатылды. Нәтижесінде 1 орама шөп шаруа қожалықтарына 10 мың теңгеден сатылды. Аудан әкімдіктері шаруа қожалықтарының арасынан белсенді топты құрып, солармен бірге ақылдасып әр отбасыға келген вагоннан 10,20,30 қаптан малдың санына байланысты бөліп жатыр.

Енді жем мәселесіне келсек. Кебектің бағасы бұдан бұрын нарықта 2000-2100 теңгені құрады. Министрдің малшылармен кездесуінен соң бастапқыда 1 қабы 1500, кейін мың теңгеден сатылды. Күні бүгінде шаруаларға 6500 тоннадай кебек келісі 50 теңгеден сатылды.

Айта кетейік, «Қазақстан темір жолы» компаниясының Маңғыстау облысына берген жеңілдігі 1 сәуірде аяқталады. Бұдан соң мал азығының бағасы өзгеруі де мүмкін.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев