Жаңаөзендегі жаңа аурухана бір ауысымда 450 науқасты қабылдай алады

Жаңаөзенде «Самұрық-Қазына» қорының қаржылай қолдауымен салынған аурухананың құрылысы аяқталды. Озық үлгідегі емдеу мекемесі бір ауысымда 450 науқасты қабылдай алады. Жоба құны 8,7 млрд теңге. Мұнайшылар қаласында жүзеге асқан тағы бір жоба мектеп түлектеріне арналды. Сондай-ақ қор қаражатына мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді оңалтумен айналысатын орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып отыр. 

Жаңаөзен халқы осы аурухананы көптен күткен. Мұнда тұрақты стационар бар. Операция жасалатын және жансақтау бөлімі, жедел жәрдем қызметімен де қамтылған. Көпбейінді аурухананың ашылуына «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен қор компаниялар тобы өкілдерінен құралған делегация қатысты.

Ғибрат Ауғанов, «Самұрық-Қазына» АҚ қоғаммен байланыс және өзгерістерді басқару жөніндегі басқарушы директоры:

- Медициналық орталық Жаңаөзен халқының сұранысы бойынша салынды. 50 орынға дейін қабылдай алады күніне және де 208 жұмыс орны ашылды. «Қазмұнайгаз» бен «Самұрық-Қазынаның» қаржыландыруымен салынған.

Қор қаржысына жүзеге асқан «Зияткер ұрпақ» атты пилоттық жобаның  маңызы зор. Қазір Жаңаөзенде жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беру, аз қамтылған отбасы балаларын ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Елдос Өмірзақұлы, «Самұрық-Қазына» АҚ әлеуметтік өзара ықпалдасу және коммуникация орталығының бас директоры:

- Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына қазір пилоттық жоба ретінде қолға алып отырмыз. Ертең бұл өз нәтижесін берсе, әрі қарай да кеңейту жоспарда бар.

Делегация мүшелері мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығына да барды. Мұндағы құрал-жабдықтар «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен сатып алынған. Бір жылдың ішінде 17 бүлдіршін осы жерде емделіп, аяғына тұрды.

Ұлжанай Кенжеғараева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

- 6 айында келгенде балам аяғын баспайтын еді. Қазір тәй-тәй басып жүр. Осы ұжымға үлкен алғысымды білдіремін.

«Самұрық-Қазына» қоры мен компаниялар тобының басшылығы халықтың мұң-мұқтажымен танысып, жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Соңғы уақытта Маңғыстау өңірінде бірнеше әлеуметтік жоба сәтті жүзеге асып жатыр.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев