Ковид: облыстардың бас санитар дәрігерлері ескерту жасады

Қазір Қазақстан «жасыл аймақта». Демек, вирус жұқтырған науқастардың саны аз. Өңірлерде індет өршіген тұста ашылған орталықтар мен госпитальдер біртіндеп жабылып жатыр. 

Кешелі бері Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында карантин режимі жеңілдеп, «Ашық» жүйесін қолдану міндеттелмейтін болды. Бірақ бұл өңірлер "қызыл аймаққа" өтетін болса, қатаң шектеулер қайтарылады. Облыстардың бас санитарлық дәрігерлері осыны ескертті. 

Ақтөбеде де короновирустың беті қайтты. Сөйтіп, науқастарды емдеуге арналған 21 арнайы госпиталь түгел жабылды. Ал вирус жұқтырған азаматтарды өңірдегі инфекциялық аурухана қабылдайды. Онда қазір 15 адам емделіп жатыр. Өткен тәулікте облыста вирус жұқтырғандар жайлы дерек тіркелген жоқ. Бірақ қаңтар, ақпан айларында омикрон дендеген еді. Облыс тұрғындарының 76 проценті коронавирусқа қарсы екпе салдырған соң дертті жеңіл көтерген. 

Бақыт Түлкібаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Эпидемиологиялық ахуал-жағдайдың тұрақталуына байланысты 13 ауданда бір бір керуеттен қалдырып отырмыз. Неге десеңіз бұл дерт әлі жойылып кеткен жоқ. Ақтөбе қаласы бойынша облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында 45 керует жұмыс жасауда. Оның ішінде төртеуі реанимациялық.

Ал Батыс Қазақстан облысында небәрі 4 адамнан қатерлі індет белгісі анықталды. Ауру симптомсыз өтіп жатыр. Эпидемиологтар өңірдегі ахуалдың түзеліп келе жатқанын айтады. Мұндағы халықтың 70 проценті екпенің қос компонентін салдырған. Тағы 69 мың адам ревакцина алды. Қазір Атырауда жаңа модульды стационар ғана жұмыс істеп тұр. Инфекциялық ауруханаларда науқастар азайып жатыр. Таяуда облыстық көпбейінді клиникалық аурухана жанынан ашылған 150 орындық ковид бөлімшесі жабылды. Пандемия өршіген тұста мұнда ең ауыр науқастар емделген болатын.

Бибігүл Айтбаева, облыстың штаттан тыс бас инфекционист дәрігері:

- Жабылған себебі короновирустық вирустық жұқпа азайды. Эпидем ситуация жақсарды. Осыған байланысты осындай мекемелер облыс бойынша, бүкіл Қазақстан бойынша бәрі де жабылды. Қазіргі уақытта эпидем жағдай өте жақсырды. Тәулігіне біздің облыс бойынша 5-6 адам анқыталады ковид жұқпасымен, ол 100-200-ге қарағанда шүкір деп ойлаймыз. Оның себебі мына екпе, екпені халық жақсы алды.

Шүкір деп жатқандар қатарында павлодарлықтар да бар. Соңғы тәуліктерде Ертіс өңірінде ешкім қауіпті вирус жұқтырған жоқ. Нәтижесінде медициналық мекемелердің жанынан ашылған бөлімшелердің біразы оңалту орталығы болып жасақталды. Онда жағдайы ауыр науқастар жатқан еді. Бір ғана үшінші аурухана жанындағы ковид госпиталінде пандемия басталғалы жеті мыңнан астам азамат емделді. Қазір еліміздегі өңірлер түгел "жасыл аймақта" тұр. Тіпті індет жұқтыру дерегі тіркелмеген өңірлер бар. Эпидемиялық жағдайдың ушықпауы әрқайсымызға байланысты екенін ұмытпайық.

Мерей Мұратханқызы