Шымкентте 36 мың бала тегін үйірмеден қағылуы мүмкін

Шымкентте 36 мың бала тегін үйірмеден қағылуы мүмкін

Шымкентте 36 мың жасөспірім тегін үйірмеден қағылуы мүмкін. Мемлекеттік тапсырыспен жан басына қаржы алып келген кәсіпкерлер осылай деп дабыл қағып отыр. Бұған дейін есепті толық тапсырсақ та басқарма басшылығы себепсіз ақшамызды кешіктіретін, дейді олар.

Енді бірінші сәуірден бастап төлемнің мүлде тоқтатылатыны туралы хабарлама алған. 

Мемлекеттік тапсырыспен қаржыландырылатын би үйірмесінде 300 бала жаттығады. Кәсіби мамандардың арқасында бұл өнерге қызығушылар көп. Алайда кәсіп иесі әр бала үшін қажетті құжатты толтырып, уақытылы өткізсе де төлемнің кешеуілдеп аударылатынын айтады. Енді ол төлемнен мүлде айрылуы мүмкін.

Раиль Файзуллин, би үйірмесінің жетекшісі:

- 1 сәуірден бастап Шымкент қаласындағы үйірмелер жабылуы мүмкін. Яғни тегін үйірме деп ашылған барлық орталықтар коммерциялық бағытқа қайта ауыстырылады. Көбісі қайтадан ата-аналар есебінен қаржыландырылып, жұмысын жалғастыруы мүмкін. 

10 жасар Жанайым Тілеуберді төрт жылдан бері ұлттық би өнерін меңгеруге машықтанып жүр. Жасөспірімнің жетістігі де аз емес. Болашағын бимен байланыстырғандықтан, тегін үйірменің жабылуы мүмкін деген хабарға уайымдап жүр.   

Жанайым Тілеуберді, үйірмеге қатысушы:

- Би жабылып қалса маған өте қиын. Өйткені бұл жерге қатты үйреніп қалдым. Біраз билемей қалсам ұмытып қаламын. Ал мен биді тез-тез жаттап конкурстарға шыққым келеді. 

Сондай-ақ 370 балаға арнап үйірме ашқан Айгүлдің де көңілі алаң. Бюджеттен бөлінетін қаржы қолға жетпей жатып тоқтағасын, тәрбиеленушілерді таратуға мәжбүрмін, дейді. 

Айгүл Мейірбекова, кәсіпкер:

- Ал біз шығарған шығынның ақшасын әлі ақтамадық. Мысалы мен кредит алып аштым. Ол кредитті әлі төлеу керекпін. Менің қызметкерлерімнің ақпан, наурыз айларына айлығы тұр. Қазір ақпан айының выплатасын берсе мен сразу екі айдың айлығын беремін деп отырмын. Әрине бәріміз аң-таң болдық. Бала ешнәрсемен айналыспаса ол жаман нәрсеге әуес болады ғой. 

Ал әкімдіктегілер үйірмеге қатысушылар мен оған жағдай жасаған кәсіпкерлердің қатары күрт көбейгеніне аң-таң болып отыр. Себебі жоспар бойынша жылдың алғашқы жартысына 900 миллион теңге қаралған. Ал ниет білдірушілер жоспардағыдан 5 есе көп дейді. Сондықтан қосымша қаржы қарауға өтінім беріпті. 

Ханзада Есенова, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы:

- Осы наурыз айының соңғы күндерінде мәслихат депутаттарының отырысы болады. Сол кезде біз 35 мың бала қазіргі 6 мыңды алып тастасақ берілген ақшаны 30 мың балаға қосымша қаржы сұрап отырмыз. Енді ол бәрібір бюджетке байланысты. 

Ал дәл осы мемлекеттік бағдарламаны оңтайлы пайдаланып, қалтасын қампайтқысы келген мәдениет басқармасының үш қызметкеріне қатысты тексеру басталғаны белгілі болды. Істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері қарап жатыр. Сондай-ақ экономикалық тергеу департаментінің өкілдері де ішкі аудитті жүргізуде. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов