Жетісу өңірі ұлыс күнін қарсы алды

Алматы облысының Ескелді ауданы тұрғындары Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз мейрамын атап өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауа-райы күрт бұзылып, қар аралас жаңбыр жауғанымен, мерекелік шараны тамашалауға жиналған жұрттың жүзі жадыраңқы. Себебі биылғы қыс Жетісу өңіріне қар аз жауды. Сондықтан көктемнің жаңбырлы болуын ауыл тұрғындары жақсылықтың нышанына балап отыр. Орталық алаңда ұйымдастырылған мерекелік шара барысында «Қарабұлақ бауырсақтары», «Ескелді наурыз көже», «Қазан күріш» фестивалі ұымдастырылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. Мерекелік іс-шара барысында өзінің ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбегімен еленген азаматтарға Ескелді ауданының құрметті азаматы атағы берілді. Республикалық, құрлықтық додаларда топ жарған үздік спортшылар марапатталды.

Әбсемет Ақшолақов, Ескелді ауданының құрметті азаматы:

– Наурыз мерекесі құтты болсын! Мына ұлыстың ұлысы оң болсын, ақ мол болсын! Мынау мерекеде маған деген құрмет көрсетіп, Ескелді ауданының құрметті азаматын беріп жатыр. Оны бағалап, беріп жатқанына үлкен рахмет. Міне, бүгін нұр да жауып тұр. Ел іргесі тыныш болып, тек қана жақсылық, қуаныш болып, осы заманымыз тыныш болсын!