Шымкентте «ДәмДәсTour» мейрамханалар жәрмеңкесі өтті

Шымкентте наурыз мерекесіне орай мейрамханалар жәрмеңкесі басталды. Жергілікті аспаздар 6 түрлі тағам әзірлеп, ерекше мәзір анықтау үшін сайысқа түсіп жатыр. Олар ас дайындау технологиясын да келушілер назарына ұсынды. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Шымкенттің бас аспаздары Әл-Фараби алаңына жиналды. Олар сұранысқа ие жұртты тамсандырған тағамдарын әзірлеп сайысқа түспек. Қазан-ошағын сайлап, түрлі дәмдеуіштерін дайындап отырғандар тағамның өзіндік жасау технологиясымен де бөліседі.

Бас-аяғы 45 аспаз гастрономиялық фестивальде белгілі мейрамханалардың атынан жарыс жолына түсіп жатыр. Олар үздіктердің қатарынан көрінуі үшін тағамның шығу тарихы мен оның мәдениетін танып-білуі керек. Ал мейрамхана өкілдері арнайы сұрақ дайындап келіпті. Толық әрі нақты жауап берген тұрғындарға тегін тамақтану сертификаттарын табыс етеді.

- Мен қазір Қайрат есімді аспаздың жанында тұрмын. Ол «Шымкент палауын» дайындау үшін барын салып жатыр. Оның өзге палаудан айырмашылығын өзінен сұрап білсек. Бұл тағамның ерекшелігі неде!?

Қайрат, бас аспаз:

- Бұл палаудың ерекшелігі біз бұл жерде жілік майын қосып істейміз және күнжут майын қосамыз, пісте майын қосамыз. Бұл жерде майдың ерекшелігі бар. Және сәбізі мен күрішін араласпай піседі. Лазер күрішінен жасалынады. Сәбіз бен күріш араласпаған соң адам өз қалауымен оны араластырып, дәміне қарай жеуіне болады. Бұл палауды берген кезде ащы бұрыш және бөдененің жұмытқасын қосып береміз.

Тағамнан дәм татып, оның таныстырылуын тамашалаған тұрғындар концерттік бағдарламаны қызықтап, би билеп, мәре-сәре күйге бөленді.

Фестивальде дәмді және жылдам әзірленетін фастфуд өнімдері де ұсынылды.

- Көп рахмет. Бұл жеңіл астың дайындалу технологиясы ерекше, дейді аспаздар. Бөлкесінен еті көбірек көрінетін бургерді басқа қайдан көруге болады?!

Алайда «Наурыз көже» бұл фестивальдің басты тағамы ретінде ерекшеленіп тұр. Жеті түрлі дәнді дақыл қосылып, қазақ дастарханының молшылығын аңғартатын астан тұрғындар дәмін көріп жатыр. Келген қонақтардың барлығына жететіндей етіп дайындаған аспаздар кезекпен үлестіріп жатыр. 

- Виктор, наурыз көже туралы айтып беріңізші. Тұрғындар сенің көжеңді ең дәмдісі деп жатыр.

Виктор Пасынков, бас аспаз:

- Менің көжеме құрт емес, айран емес, сүзбе кіреді. Оның ішінде жеті емес, тоғыз дақыл бар. Қазы, сүрленген ет, жая. Оны мен 15 жылда үйреніп, әр повардан жақсы нәрселерді алып, осыған қостым. Бүгінгі «Дәмдәстүр» жәрмеңкесіне көп адам келіп тұр. Біз енді осы көжені тағы дайындаймыз деп ойлап тұрмын.

Тағамның көптігі сонша ауыз тиіп, дәм татып жүріп тойып қаласың. Ерекше мәзірдің дайындалу жолын тұрғындар қойын дәптеріне түртіп алып, дәмді астың бар құпиясын біліп алуға құмартып жүр. Ұйымдастырушылар екі күнге созылатын жәрмеңке арқылы гастрономиялық туризм түсінігін қалыптастырып, қала қонақтарының назарын аудартқылары келеді.

Махсұт Исахов, қала әкімінің орынбасары:

- Үздік тағамды айқындайтын кезде өздерінің критерийлері бар. Тамақтың бір температурада болуы, сосын оны қалай әзірлеп алып келді. Сосын оның дәмі. Экологиялық тағамдарды қолдануы. Сосын барынша жергілікті тағамдарды қолдануы сияқты критерийлер бар. 

Жәрмеңкеге төрелік ететін қазыларға артылған жүк ауыр. Себебі кімнің бағы жанып, қай тағамың бәсі биік болғанын анықтау оңайға соқпайды. Алайда ұйымдастырушылар алдағы уақытта қаланың барлық мейрамханасының мәзірі жаңарып, дәмді тағаммен толығатынына сенім білдіріп отыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов