Қазақтың дәстүрін жетік меңгерген Ақтөбе тұрғыны бата жинағын шығарды

Қазақтың дәстүрін жетік меңгерген Ақтөбе тұрғыны бата жинағын шығарды

Людмила әжейді көпшілік көненің көзін көрген ардақты жан деп біледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақ жеріне ата-анасымен бірге бала күнінде Ресейдің қиыр шығысынан жеткен. Мұғалжар ауданындағы бірнеше ауылдарда тұрғандықтан, қазақ тілі мен салт-дәстүрін жетік меңгеріп өседі. Бата жаттап жүруді әдетке айналдырған кейуана бүгінде дейін бірнеше жинақ шығарған. Енді халқымыздың ұмыт бола бастаған мақал-мәтелдерін кітап етіп, көпшілікке ұсынбақ. Себебі онда ұлттың болмысы жатыр дейді.

Людмила Байқадамова, қала тұрғыны:

– Өзіме 812 мақал-мәтел жазылған екен. Әлі де әр жерден естіп, бірдеңелер ойыма түсіп әлі де жазам ба деген ойым бар. Сосын көшпенді халқымыз үш сөзбенен тәрбиелеген бала-шағаларын. Жаман болады, ұят болады, обал болады. «Судың да сұрауы бар» деген сөзбен тәрбиелеп келген деп ойлаймын өзім.

Людмила Сұлтанқызы саналы ғұмырын мәдениет саласына арнап, құрметті зейнет жасына жеткен. Талай рет театрда ертегі-аңыздардың кейіпкерлерін де сомдапты. Ал наурыз мейрамын ерекше күтуді көп жылдан бері дәстүрге айналдырған. Жеті тағам түрінен дайындалатын көжеден өзге дастарханды тамақпен толтырып қояды. Себебі мерекенің маңызын бала күнінен жақсы біледі. Сондықтан болар Ұлыстың ұлы күнін атап өту мүмкіндігі туғанда қатты қуанған.

Людмила Байқадамова, қала тұрғыны:

– Төкпей-шашпай жас ұрпаққа, немере-шөберелерімізге бәрін жеткізіп, айтып. Ертең оларда өздерінің бала-шағаларына айтып кетеді. Әйтпесе, бәрі ұмытылып бара жатыр еді ғой кеңес заманында. Қазақы киіміміз де киілмей, қазір мінекей кимешек киіп, шапан киіп, бата жаса, әдемі-әдемі сөздерімізді айтып сөйтіп болып жатырмыз.

Жастайынан қазақтың кең пейілі мен қамқорлығын сезінген әжей елде бейбіт өмір мен тұрақтылық болған жағдайда ғана даму болатынын айтады. Сондықтан да жыл басы саналған – Наурыз мейрамында ізгі тілектер мен бата көбірек айтылуы керек дейді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев