Жаңақорғандықтар «Үлгілі көше» байқауына қатысып жатыр

Нағышбановтар отбасы көктем шыға көшедегі талдардың күтімін жасауды әдет еткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жазда сая болатын ағаштардың түбін ақтап, зиянкестерден қорғау қарекетін жасайды. Ал ұзақ жылдар бойы агроном болған Асан ақсақал бұтақтарды кесіп, жасыл желектің жайқалып өсуіне барын салады. 

Асан Нағышбанов, Жаңақорған кентінің тұрғыны:

– Есіктің алды таза болса, сол үйдің іші де таза болады деп есептейміз. Ал көшенің таза болуы экологиялық жағдайға да көп әсер етеді. Қазір экологияны дұрыстамасақ, денсаулықтың да нашар болатыны белгілі.

Тазалық – табалдырықтан басталады. Бұл көшенің жастары үлкендер айтқан осы қағиданы берік  ұстанады. Расында үй маңында қылаудай қоқыс жоқ. Бұл соңғы 5-7 жыл көлемінде қалыптасқан үрдіс, – дейді үлгілі көше тұрғындары.

Жанаргүл Балтақожаева, Жаңақорған кентінің тұрғыны:

– Көктемде ерте бастан талдардың бәрін әктеп қоямыз. Әрі өткен, бері өткен жастарға үлгі болса дейміз. Ертең біздің артымыздан апалар, аталар осы көшені таза ұстайтын еді деп тазалап тұрамыз.

Осындай «Үлгілі көше» арасында басталған байқау аудан тұрғындарының ынтасын арттырғанын байқауға болады. Тіпті ақсақалдар Наурыз мерекесі қарсаңында жастарға ұлттық салт-дәстүрлер туралы кеңінен әңгімелеп, бата жаттауға шақырды.

Ал тұрғындардың бір тобы көршіге қолғабыс жасап, құрылысын асарлатып салып беріп жатыр екен. Байқаудың да басты мақсаты – көршілер арасындағы бірлік пен татулыққа ұйытқы болу еді.

Жақсылық Тасболатов, Жаңақорған кентінің тұрғыны:

– Мал қора соқсақ та, құрылыс салсақ та мінекей балалар істеп жатыр. Наурыз мерекесі құтты болсын дейміз. Бізде апта сайын сенбілік болып тұрады. Біз ешкімге қарамаймыз. Өз бетімізше мынаны таза ұстайық, көмек беріп тұрайық төмен отбасыларға отын суынан, газдың келгеніне 2-3 жыл болды ғой, соған дейін отынына дейін балдар әкеліп беріп тұрды. Көшенің ұйымшылдығы, ауызбіршілігі. 

Арман Мәжитов, жобаның ұйымдастырушысы:

Басқа көшелер де осы көшеден үлгі алып, негізі жақсы дайындықтар жүріп жатыр. Қазіргі таңда 20-ға жақындап қалды. 11 комиссия мүшесін тағайындадық. Барлығы тәуелсіз комиссия мүшелері. Сол кісілер анықтап, әр сенбі-жексенбі аралап, содан қорытынды шығаратын боламыз.

Ерекше байқаудың жеңімпаздары үш аталым бойынша марапатталады. Оларға дайындалған жүлде де ерекше. Мәселен «Ең тату көше» аталымын жеңіп алған көше тұрғындарға көпшілік шаралар өткізу үшін қазан-ошақ, ыдыс-аяқ жиынтығы сыйға беріледі. Ал «Ең таза көшеге» қоқыс шәшіктері берілмек. Ал «Ең көгал көшеге» арнайы құдық қазып, су тарту жоспарланған. Байқау жеңімпаздары екі айдан кейін анықталады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхаммед Байділдаев