Атырау облысының тұрғындары жарықсыз қалды

Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданы наурыз айының басында бір апта бойы жарықсыз қалды. Секундына 23-25 метрлік күшті дауыл 400-ден астам электр бағанын құлатып, электр желісі қар үстінде шашылып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан 60 мыңға тарта тұрғыны бар аудан тек жарықсыз ғана емес, көгілдір отын тұтынатын жеке секторлар жылусыз қалды. Соңғы жылдары мұнайлы өңірде электр энергиясы тапшылығы өте қатты сезілуде. Әсіресе, жаз айларында облыс орталығының өзінде электр энергиясы тапшылығы  байқалады. Былтыр қолға алынған 5 жылдық бағдарлама жүзеге асқанша жағдай түзелмейді дейді мамандар.

Атырау облысында жарықтың жиі сөнуі соңғы жылдары қалыпты жағдайға айналып барады. Оның басты себебі өндірілген электр энергиясы жеткілікті болғанымен, оны жеткізіп беретін желілердің тозығы жеткен. Өткен жаз бойы қала іргесіндегі Еркінқала, Өркен, Жұмыскер ауылдары әкімдіктің табалдырығын тоздырды. Тіпті қала ішіндегі ықшам аудандардың өзі шіліңгір шілдеде ток көзінен ажырап, қыруар азық-түлік пен тұрмыстық техникалары жарамыз күйге түскенін ашына айтады.

Әсемгүл Жұмабаева, қала тұрғыны:

– Жып-жылы су ішіп отырмыз. Тамағымыз былшырап шіріп жатыр. Қарауға болады, ағып жатыр, май деген. Мүлдем салқындата алмаймыз. Түнімен бықсып жатамыз. Маса бар. Оның үстіне мына свет жоқ, слабый. Мына жерде өмір сүру қаланың ортасы деп кім айтады.

Биыл қыста облыстың электр энергиясына тапшылығы мүлде асқынды. Наурыз айының 5-нен бастап 6 күн бойы Құрманғазы ауданы түгелдей жарықсыз қалды. Әзір әупірімдеп жағдай қалыпқа түсті. Бірақ ол қашанға дейін? Облыстағы электр желілерінің 70 проценті тозығы жеткен. Тіпті тартылғанына 45 жылдан асқандары да бар.

Мейірбек Ғұбашев, «Атырау-Жарық» мекемесінің басшысы:

– Ол деген 1975 жылдардан салынған әуе желілер мен стансалар. Бірақ бізде 10 жыл сайын күрделі жөндеу жұмыстарын, жыл сайын ағымдағы жұмыстарды жүріп келеді. Жыл сайын 1,2 млрд теңгеге қайта жаңғырту жұмыстарын өткіземіз. Мысалы, Құрманғазы ауданы деп отырсыз ғой, бірақ оны 1-2 жылда ауыстырамыз деген ой болса да, біздің қаражатымыз жоқ. Бәрі шектеулі.

Атырау облысы бойынша 14 мың шақырымға жуық электр желісі болса, оның 40 процентінің тозығы жеткен. Әсіресе, Атырау қаласы мен Құманғазы, Жылыой аудандарын жарықпен қамту сын көтермейді. Оларды қайта жарақтандыру үшін қомақты қаражат керек. Бүгінде жоба жасақталып, жұмыс басталған.

Данияр Мұқышев, облыстық энергетика және ткш басқрамасы басшысының орынбасары:

– «ЭЧ-4» мекемесіне қарасты электр желісін қамтамасыз етуде соңғы уақытта желінің 60-70 проценті жарамсыз болуына және апатты жағдайлар жиілеуіне байланысты бұл мәселені шешу үшін жалпы құны 5,5 млрд теңгені құрайтын 14 елді мекенге электр желісінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Бүгінде өңір шамамен 750-800 мегаватт/сағат электр энергиясын тұтынады. Оның 414 мегаваттын Атырау жылу қуат орталығы өндірсе, қалғанын  жергілікті мұнай өндіруші компаниялардың газ турбиналық стансалары береді. Бірақ сол өндірілген қуатты тұтынушыға жеткізу желілердің жарамсыздығынан «жырға» айналып барады. Салдарынан тұтас аудандар жарықсыз, жылусыз өлмешінің күнін кешуде.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов