loader


БҚО-да электр желілері тозған

Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданында электр желілерінің 93%-і тозып тұр. Қолайсыз ауа райы кезінде сымдар үзіліп, бірнеше ауыл жарықсыз қалды. Саладағы іркіліс салдары өндіріс орындарына да тиіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Толассыз жауын-шашын немесе қатты желді күндері Пугачев ауылы жиі жарықсыз қалады. Әсіресе қытымыр қыста жағдай қиын. Әр үйдегі жылу қазандығы электр желісімен істеп тұрғандықтан, сымдар үзілсе, баспаналарды суық тартады. Дәл осы елді мекен іргесінде сүт фермасы орналасқан агроқұрылымдағы техникалық жабдықтардың барлығы электр қуатына тәуелді. Инженерлік желідегі ақаулар өндіріске де зардабын тигізеді.

Бақыт Далабаев, шаруа қожалығының басшысы:

– Өткенде ауа райының қолайсыздығынан 4 күн, яғни, 2 күн қатарынан 2 рет жағдай болды. 4 күн жарықсыз отырдық. Біздің енді қораның ішін тазартатын аппараттардың барлығы үлкен жоғары киловатпен жұмыс істейді. Сол себептен оларды генераторға қосу мүмкіндігі жоқ. Артынан әдейі техника жалдап, кейін бәрін орнына келтірдік. Оның өзі маған қомақты қаражатқа шықты. Бірақ енді жеке бастың шаруасын емес, жалпы ауылдың шаруасын айтсам, элементарно ауылдағы бірінші жәрдем көрсететін медпункттің өзінде бәрі компьютермен тіркеу жасалады. Сол себептен ондай кезде олар да жұмыс жасай алмайды.

Әкімдік өкілдері күні бүгінге дейін коммуналдық қызмет түрі «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ-ның құзырында болғанын айтады. Ал мұндай жағдайда мемлекеттік бюджет есебінен жаңғырту жұмыстарына қаражат бөлу мүмкін болмағанын алға тартты.

Дастан Ақмамбетов, Бөрлі аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Қазіргі таңда біздің облыстық әкімдік жұмыс атқарып, осы линиялардың бәрін коммуналдық меншікке алды. Коммуналдық меншікке алынғаннан кейін уже біздер жергілікті бюджеттен, облыстық бюджеттен, республикалық бюджеттен қаржы бөліп, бұл линияларды жаңалауға толық құқығымыз бар.

Мамандардың айтуынша, биыл 4 ауылдық округтегі және Ақсай қаласының кейбір көшесіндегі электр сымдарын ауыстыру бойынша жобалық-сметалық құжаттар жасалмақ. Әзірге жоспарланған жаңа инженерлік желілердің жалпы ұзындығы 70 шақырымға жуық.

Дастан Ақмамбетов, Бөрлі аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Бұл – Успен ауылдық округі, Пугачев ауылдық округі, Бөрлі ауылдық округі және Кеңтүбек ауылдық округі. Осы ауылдық округтерде, сонымен бірге Ақсай қаласының, 7, 9, 11, 12, 13 және Строительный-4 шағын аудандарының электр желілерін жаңарту жұмыстарына ЖСҚ дайындаймыз. 5 жобаны биыл дайындасақ, келесі жылы мемлекеттік сараптамадан өткізсек, содан кейін қаржы бөлуге қаражат сұраймыз. Ал бұған дейін біздер көше жолдарын жөндеу кезінде көше жолдарымен бірге электр желілерін жөндеп өттік. Мысалы, Ихсанов көшесінде толығымен электр желілері жаңартылды.

Байқағанымыздай, құжаттар реттеліп, қаржы бөлінгенге дейін кемінде бірер жыл кетеді. Ал өзге ауылдардың кезегі қашан келері тіпті белгісіз. Онсыз да шіріп-біткен желілер енді ұзаққа шыдамасы анық. Тұрғындар саладағы түйткілді жедел шешуді талап етіп отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов

Сондай-ақ...