Үш жылда денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымы жаңарады – Алматы

Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев мәлім етті. Қала басшысы Бостандық ауданындағы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша 18 мыңға жуық адамға қызмет көрсететін «Керуен-Medicus» медициналық орталығының жұмысымен танысты.

Емдеу мекемесінде халыққа нейрохирургия, нейрореабилитация, урология және тағы басқа қызмет түрлері қолжетімді, сондай-ақ орталық босандыру, педиатрия, хирургия, маммология бағыттары бойынша ақылы қызмет көрсетеді. Клиникада 200-ден астам білікті маман жұмыс істейді, мекеме заманауи жабдықтармен, атап айтқанда МРТ, компьютерлік томография, сәулелік диагностика және тағы басқа кабинеттермен жабдықталған. Ерболат Досаев перзентхана кіріп, босанатын әйелдерді құттықтады. Орталық 2008 жылы ашылған сәттен бастап оның қабырғасында 7,5 мыңға жуық бала дүниеге келді, 2022 жылдың басынан бастап 170 нәресте өмірге келді.