Жамбыл облысы Қырғызстаннан келетін суға 85% тәуелді

Ауыл шаруашылығы неге дамымайды? Жер жетеді. Бір бас малын екеу қылам деп құлшынып отырған жұрт та аз емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ жайылым жоқ. Жайылым болса, су жоқ. Кезінде Кеңес өкіметінен қалған қаптаған тоғандарды жөнге келтіруге жергілікті әкімдер де, Үкіметте құлықсыз, қырсыз.

Жамбыл облысы да Қырғызстаннан келетін суға 85 процент тәуелді. Көрші ел бекітілген су жіберу тәртібін сақтамайды. Оған қуаңшылықты қосыңыз. Бұл тәуелділікті су қоймасын салу арқылы азайтуға болар еді. Бірақ қанша айтылғанмен «баяғы жартас, бір жартас».

Су қоймасын күтіп жүргендердің бірі – Жұмабек Жанаев. Шаруа су тапшылығынан иелігіндегі 300 гектардан астам жерін толық игере алмай отыр. Соңғы екі жылда әрекет жасап көрем деп шығынға батқан. Қордайдағы бір ғана Жаңатұрмыс ауылдық округінде осындай 17 шаруа қожалығы судан таршылық көріп отыр.

Жұмабек Жанаев, шаруа:

- Өзіміздің су. Өзіміздің байлығымыз. Көзіміздің алдымызда ағып жатыр. Соны пайдалана алмай отырмыз. Қолға алса екен. Неге десеңіз? Екі мың гектар. Көрші ауылдан мың гектар қосылады. Қаншама жер. Қаншама адамға жұмыс болады. Егер мынадай суымыз боп, көзіміздің алдында тұрса бір күнде көтеріледі ауыл.

Жалпы аудандағы 39 мың гектар суармалы жердің қазір 23 мың гектары ғана игеріледі. Қалғанына су жетпейді. Қырғыз елімен жылда 320 миллион текше метр су жіберу жөнінде келісім бар. Алайда оның тек 45 проценті ғана түседі. Кейде оған да жетпейтін көрінеді. Судың тұрақты әрі кепілді түрде берілмеуінен шаруалар тәуекелге бармайды. Бұл ауыл шаруашылығы өнімділігін тежеп, азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізіп отыр.  

Ырғайты су қоймасы осы сайға салынады деп жоспарланған. Мамандар ол үшін Шарбақты мен Ырғайты ауылдарының арасын бекітпек. Сөйтіп анау ағып жатқан өзеннің суын қыс бойы жинап алып жаз айларында төменде орналасқан шаруалардың егіс алқаптарына шетінен беріп отыруды көздеп отыр. Алайда бұл жоба бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқанымен әзірше іске аспай тұр.

Аймақта үш қойма салып, проблеманы шешеміз дегелі бірнеше жыл болды. Оның екеуі Қордайда, біреуі Талас пен Байзақ аудандарының шекарасына салынуы тиіс. Ыңғайлы орын дайын. Жер бөлінген. Техникалық экономикалық негіздемесі жасалған. Бірақ кемшіліктер анықталып, жұмыс былтыр қараша айына дейін созылып кеткен.

Қазбек Бедебаев, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры:

- Жобалау кезінде расчеттардан қателер кеткен. Соның барлығын қайтып саралап, жобалаушы мекеме қайтып салып берді. Енді осы республикалық бюджеттік комиссияға ұсынамыз. Әрі қарай жобалық сметалық құжаттамасын дайындаймыз. Биыл сенімді түрде басталады деп айта аласыз ба? Биыл басталады деп сенімді түрде айта алмаймын. Бірақ бастауымыз керек деген ниеттеміз.

«Қазсушар» мекемесі басшысының айтуынша Экология министрлігі арқылы бюджетке ұсыным жасалған. Қаржы министрлігі қолдап қуаттап отыр. Алайда осы министрлік пен жауапты мекеме ішінде соңғы кездері жиі ауыс-түйіс болып жобаға көңіл бөлінбей қалып жатқан ұқсайды. Жаңадан тағайындалған басшыға оны жеткізіп, маңыздылығын қайта түсіндіріп, дәлелдеп жүргенде біраз уақыт кететін көрінеді. Басшылар нақты шешім қабылдап іске кіріскенше, Жамбылдың ауыл шаруашылығы саласы судан таршылық көргені көрген.

Мәден Мұсаев, Қордай ауданының әкімі:

- Ол су қоймалары бізге не үшін керек. Өзіміздің суармалы жерлердің суару, сумен қамтамасыз ету көлемін үлкейту үшін керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы келіп, біздің Отар ауылында, Гвардескіде халықпен, бізбен кездесу өткізгенде облыс әкімі осы жағдайдың бәрін мәселе қылып қойғанда Президент алдыңғы бір-екі жылда іске асады деді. Қазір жобалық құжаттары жасалып дайындалуда.

Бұл жобаны Мемлекет басшысы біледі. Өңірге іс-сапармен келгенде қолдап қуаттап берген. Енді жауаптылар не күтіп отыр? Суармалы суға сұраныс артпаса кемімейді. Оған соңғы жылдардағы ауа райы мен қуаңшылық дәлел.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә