«Алматыкітап» баспасы topiq.kz жобасын ұсынды

Topiq.kz жобасы 3 жыл бұрын апробациядан өткізіле бастады. Еліміздің 157 мектебінде білім алып жатқан 200 мыңға жуық оқушы оны күнделікті пайдаланып, оң бағасын беріп үлгерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Алматыкітап» баспасы topiq.kz платформасын әзірлеуге бірнеше жыл бұрын кірісті. Ол қазақстандық оқушылардың сапалы білім алу процесін жеңілдетуге бағытталған.

Әнел Баталова, Арт-медиа студиясының жетекшісі:

Біз topiq.kz жобасын жүзеге асыруға ат салыстық. Оқырмандар мұнда тек кітап мазмұнымен танысып қана қоймай, түрлі мультимедиалық, интерактивті материалды көре алады. Тест тапсырмаларын орындауға да мүмкіндік бар. Платформада мұғалім мен оқушының жеке кабинеттері ашылған.

Сағынғали Қалиев, Тарих пәнінің мұғалімі, digital ustaz байқауының жеңімпазы:

– Технологиялардың біздің өмірдегі рөлі өте жоғары. Білім саласы да соған сай дамып келе жатыр. Мұғалімдер жаңа технологияларды әр оқушының игілігіне барынша пайдалануға тырысу керек. Болашақта topiq.kz платформасы ең ірі және пайдалы ресурстардың біріне айналады деген сенімдемін.

«Алматыкітап» баспасы BETT көрмесіне 7-рет қатысып отыр. Бірақ мұндай жобаны алғаш рет таныстырды.

Гаухар Саймасаева, «Алматыкітап» баспасының президенті:

– Әр қазақстандық оқушы сапалы білім алуға құқылы. Біздің компания осы қағидатты ұстанады. Біз әзірлеген topiq.kz платформасын Лондондағы BETT Дүниежүзілік білім беру технологиялары көрмесінде ұсындық. Жоба қазақстандық балалардың білім деңгейін көтеруге сеп болатыны анық.

Көрмеге қатысқан халықаралық мамандар да отандық өніммен танысуға мүмкіндік алды. Олар бұл жоба әзірлеушілері атқарған жұмысты жоғары бағалап, плафторманың тиімді тұстары көп екенін атап өтті.

Рафаль Лью Старовиц, Edtech Poland Foundation вице-президенті:

– Платформаның контенті маңызды болып тұр. Мұнда әр оқушыға қажетті материалдар болуы тиіс. Осында жиналған мамандар қазақстандық компания әзірлеген плафторманың болашағы бар деген пікірде.

Айта кетерлігі, Лондондағы BETT көрмесі 3 күнге жалғасты. Оған әлемнің 50 елінен келген 20 мың адам қатысқан. Көрме аясында 400-ден астам жаңа технологиялық жоба таныстырылды. Topiq.kz платформасын ұсынған біздің ел де үздіктер қатарында.

Авторы: Дариға Ташенова