Жанымызды шүберекке түйіп отырмыз – Шемонаиха қаласының тұрғындары

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха қаласының тұрғындары екі жылдан бері апатты үйде тұрып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екіқабатты баспананың іргетасы жарылып, қабырғасы сөгілген. Жұрт жандарын шүберекке түйіп күн кешетінін айтады. Әкімдік тұрғындарға жатақханаға көшуге кеңес берген.

Жандос Дакиев 4 жыл бойы апатты үйді паналаған. Баспана деген аты болмаса, әр түні қорқынышпен өткенін айтады. Себебі үйдің қабырғасы жарылып, іргесі отырған. 

Жандос Дакиев, Шемонаиха қаласының тұрғыны:

- Үй қирап қалады-ау деген үреймен жүреміз, жауын жаумағай деп тіледік. 3 жасар ұлымды уайымдадым. Бірнәрсе үстіне құлап қалама деп ойлайсың. Еден де қисайып қалған. Пеш те қосылған жоқ. Үй іші салқын.

Екі қабатты ескі үйдің іргесі 1960 жылы қаланған. Былтырдан бастап топырағы отырып,  қабырғасы  шытынай бастаған. Бұдан әсіресе, бірінші кіреберістің тұрғындары зиян шегіпті. Үйдің бұл тұсы екіге бөлініп қалған. 5 отбасы бірден көшіп кетсе, аз қамтылған 3 жанұя әлі паналауға мәжбүр.

Ғалия Мұралинова, Шемонаиха қаласының тұрғыны:

- Әкімдікке шағым жазғанбыз. Мына жерді қазып, астын қараса, су кетіп жатыр екен. 3-4 жерден ұстатты да, құр резеңкемен жауып кетті. ХККО барып, кезекке тұр деді, тұрдық. Басыңызда үй бар деді, үлкен баламның үйі. Мен жесір әйелмін, 4 балам бар, далада қалдым, үй құласа, астында қаламыз.

Ал жауаптылар мәселеден хабардар. Жұмыс тобы құрылып, тұрғындармен жиын өтккізген. Мәселені шешудің бір жолы ретінде жатақханаға көшуді ұсынған.

Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:

- Бес қабатты, уақытша сонда көшіп, тұруға ұсыныс бергенбіз. Сонымен қатар мемлекеттің балансында да пәтерлер бар. Сонда уақытша тұруға ұсыныс бердік. Әлі келіскен жоқ. 

Жалпы, Шемонаиха ауданында 5 үй апатты деп танылған. Бұл санат бойынша осыған дейін 6 адам пәтер кезегіне тіркелген. Ал, ауданда  727 тұрғын кезекте тұр.  Қазіргі таңда құрылыс қарқыны баяу екенін ескерсек, демек, бұл үйдің тұрғындары кезекті ұзақ күтпек.

Әсем Утешева, Әйгерім Ашықбаева, Медет Омирханов