Алқа билер соты енді аса ауыр қылмыстарға да үкім шығара алады

Сот жүйесіне азаматтардың араласуы Қазақстанда қайта қаралады. Президент алқа билер соты қарайтын істерді ұлғайту туралы ұсыныс жасаған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар аса ауыр қылмыстарға үкім шығара алады. Қарапайым тұрғындардың алқа билер құрамында сотқа қатысуын құқық қорғаушылар да құптап отыр.

Еліміздің шығысындағы алқа билер соты 2020 жылдан бері небәрі 7 қылмыстық істі қарауға атсалысқан. Бұл статистика сот жүйесі үшін, әрине, тиімді емес. Сол себепті заңгерлер мен құқықтанушылар Президенттің алқа билер соты қарайтын істерді арттыру туралы ұсынысын әлемдік сот практикасының талаптарына сай жасалған бастама ретінде қабылдады. Медиатор, заң ғылымдарының магистрі Аксана Каленованың пікірінше, еліміздің сот жүйесі қазір 90-жылдары жоғалып кеткен жұрт сеніміне қайта ие болуға талаптанып жатыр. Өйткені біздің қоғамға тамыр-таныстыққа, бармақ басты, көз қысты әрекеттерге негізделген жүйе емес, заңның үстемдік құрғанын жете түсінетін әділ соттар қажет.

Аксана Каленова, заң ғылымдарының магистрі:

- Сот құрамында бір емес, бірнеше адам болса, бұра тартуға жол берілмейді. Сол арқылы әділ шешім шығаруға қол жеткіземіз дегенге өз басым қатты сенемін. Әсіресе соттардың араласуымен болған келеңісзіктердің көбі кәсіпорындарды рейдерлік жолмен басып алуда кеңінен көрініс тапты. Сондықтан экономикалық дауларға алқа билер соты араласуы тиіс. Сонда әділ үкім шығады. 

«Алқа билер соты барынша әділ үкім шығарады» деген пікірді құқыққорғаушы Алексей Божков та құптап отыр. Сотқа үміткерлерді мейлінше дұрыс таңдай білуіміз қажет. Олардың білімі мен біліктілігі, жиған тәжірибесіне де аса мән берген жөн.

Алексей Божков, құқық қорғаушы:

- Алқа билер соты күллі әлемде қолданылады. Бірақ менде оларға деген екі түрлі көзқарас қалыптасқан. Қоғам құқықтық нормаларды сол қалпында қабылдап үйренуі тиіс. Өкініштісі бізде сот кінәлі деп тапқан адамға жұрт үрке қарайды. Сотталды, демек оның кінәсі бар деп есептейді.

Ал алқа билер сотының коллегиясына үміткер жеткіліксіз. Мұны қалай қабылдасаңыз да, әзірге біздің елдегі сот практикасының сиқы осындай. Сондықтан алқа билер соты араласатын істердің ауқымын барынша кеңейткен абзал.

Ерік Қоянбаев, ШҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот төрағасы:

- Бұл өз кезегінде өзінің нәтижесін береді. Яғни бұл Қазақстан республикасы халқының сот билігіне деген және де осы ел билігіне деген сенімін арттырады деп сенемін.

Бүгінге дейін біздің елімізде халықтық сот атануға жергілікті әкімдік ұсынған адамдар қол жеткізіп келді. Ендігі жерде мұндай бассыздыққа жол беруге болмайды дейді мамандар.

Ардақ Айбарұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин