Қарағанды облысында 5 жасар полицей ел ықыласына бөленді

Қарағанды облысында ақтүтек боран кезінде халыққа жол жабық екенін ескертіп, алыс сапарға шықпауға кеңес берген 5 жасар бала ел ықыласына бөленді. Ол тіпті ата-анасы сатып алып берген полиция қызметкерінің киімін киіп, жолда бағыт-бағдар көрсеткен. 

- Есімім Бағдәулет. Қай жаққа жол жабық? Міне мына жер жабық, қаладан келе жатқан жол да жабық.

Мына кадрлар Ақсу-Аюлы кентінде түсірілген. Онда бүлдіршіннің бейтаныс адамдарға жөн нұсқап жатқаны анық көрінеді. Кейін белгілі болғандай, анасы дүкенге шығып кеткенде, ол үйінің маңындағы жолға келіп, жұмыс жүргізген. «Полицей боламын» деген баланың бұл әрекеті тәртіп сақшыларын да бей-жай қалдырмады. Шет аудандық полиция бөлімінің басшысы бұл отбасыға арнайы барып, балаға сыйлық табыс етті. Кейін Бағдәулетті арнайы көлікке отырғызып, «Алматы-Екатеринбург» тас жолында қызмет атқарып тұрған сақшылардың жұмысымен таныстырды. Осыдан кейін ол аудандық полиция бөлімінде болып бейнебақылау камераларының жұмысын көрді. Полицейлер 5 жасар балақайды есейген соң өз қатарына қуана қабылдайтынын жеткізді. 

- Егер полиция боламын десең, біріншіден, сабақты жақсылап оқу керек. Екіншіден, ата-анаңның тілін алу керек. Содан кейін мектеп бітірген соң полиция академиясына оқуға түсесің, амандық болса. Содан кейін жақсы полиция боласың. Мен саған тілегім сол, рақмет саған.