Павлодарда ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары басталды

Павлодарда ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары басталды

Биыл Павлодарда ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары жылдағыдан ерте басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жасыл желек қорын бүр жармай тұрып отаудың маңызы зор дейді экологтар. Коммуналдық сала қызметі қаланы қураған ағаштардан тазартып жатыр. Олар негізінен терек, қарағаштардың қу бұтақтарын шабады.

Тоқсаныншы жылдардың аяғында қалада қайың ағаштарының көбі қурап кетті. Шаһарға көрік беріп тұрған сәнді ағаштардың жаппай ауруға шалдыққаны тұрғындардың есінде. Сондықтан болар, эколог Татьяна Пономарёваның қайыңдарға келгенде көзқарасы бөлек. Ол Павлодарда өсетен барлық  ағашқа санақ жүргізіп, жасыл желек қорын дамытудың интерактивті картасын жасауды ұсынған болатын. 

Татьяна Пономарёва, эколог:

- Біз биыл ағаштарды кесу жұмыстарын соңына дейін бақылауға аламыз. Ең маңыздысы, жылдағыдай өсіп тұрған ағаштардың ұшын қиюды тоқтаттық.

Биыл қала бойынша ағаштарды санитарлық қию жұмыстарын коммуналдық сала қолға алды. Олар бұтақтарды жекелеп кеседі. Эстетикалық көркіне де баса мән беріледі. Жұмыс барысын құрамына биолог, экологтар кірген ғылыми сүйемелдеу тобы қадағалайды. 

Арслан Қалиақпаров, қалалық ТҮКШ бөлімінің жетекшісі:

- Тарихта ең бірінші рет осы қаламызда ағаштарды, көшеттерді кесу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл технология бойынша өте дұрыс деп санаймыз. Жалпы, жұмыстарды ерте бастасақ, соғұрлым көп көлемде жұмыс жасаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Ағаштарды санитарлық кесуге бағытталған қаржы көлемі биыл үш есе артып отыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 150 миллион теңге бөлінді. Қала шығыс, батыс, оңтүстік болып үш бөлікке бөлініп, мердігер ұйымдар іске қызу кірісіп кетті. Қаладағы жасыл желек қорының интерактивті картасын әзірлеу барысында жүз мыңдай ағаш есепке алыныпты. Оның 3,5 мыңы кесуге жатады. Алда атқарылатын жұмыс көп.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат