Арыстағы және Байзақ ауданындағы жарылыс салдарын жою жұмысы жанданады

Мамандар Арыс және Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы оқдәрі қоймаларында болған оқиғалардың салдарын жою жұмысына кіріседі. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің сайтында жарияланды.

Қарулы күштердің инженерлік-саперлік бөлімшелері биылғы жылдың 28 наурызынан бастап Арыстағы және Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы оқдәрі қоймаларында болған оқиғалардың салдарын жою жұмыстарына кіріседі.

Аталған шаралар «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқдәріні қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде жүргізіледі. Арыс қаласында жару жолымен жойылатын оқдәрі қалдықтары қоймалардың техникалық аумағынан арнайы жабдықталған полигонға жеткізіледі. Жамбыл облысындағы инженерлік оқдәрі қоймасының аумағында оқдәрі қалдықтарын жоюға арналған орын жабдықталған. Ал қалған бөлігі арнайы полигондарға шығарылып, жойылады. Жалпы осы жұмыстарға 650-ден астам әскери маман тартылады. Жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отыр. Арыстағы және Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы оқдәрі қоймаларында болған оқиғалардың салдарын жою жұмыстары биылғы қараша айының соңына дейін жалғасады.