Шымкентте жеміс бағының 20%-ін үсік шалды

Шымкентте гүлдей бастаған бау-бақша үсіп кетті. Көктемде бүр жарған жеміс ағаштары мезгілсіз жауған қар астында қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бағбандар егіс даласын қолдан жылытып, шығын көлемін есептеп жатыр. «Сәуір болмай тәуір болмайды» – деп мың құбылған күн райына алаңдаған шаруалар биылғы өнімнің көлемі жылдағыдан аз болатынын айтады. Себебі төмен ауа температурасынан соң жеміс ағашы қар астында қалған. Шама-шарқы жеткенше бау-бақшаны үсіктен қорғап, сақтап қалу үшін от жағып жылытқан.

Бұл бақтағы шаруалар арты қарға ұласқан жауынның салдарынан келген шығынды есептеп жатыр. Алдын алу үшін, от жағып, түтін түтеткеннен де пайда болмады. Жеміс бағының жиырма процентін үсік шалды. Қала іргесіндегі қарқынды бау 15 гектар алқапты алып жатыр. Алма мен алмұрт, ерте пісетін сары өріктің де сорты жайқалып, гүлдеп үлгерген еді.

Ғалымжан Сейдахметов, шаруа:

Табиғаттың құбылыстарына байланысты аламыз ғой. Бір жылда жақсы береді. Бір жылдары аз береді. Биылғы қолайсыздықтардан 20% шығынға ұшырап отырмыз. Отты түтетіп жағу бұрынғы атам заманнан келе жатқан әдістер ғой. Бірақ енді жаңа технологияға Үкімет тарапынан көмек болмаса, былайша қаржы мәселесі шамалы қыстайды.

Табиғат  тосын мінез танытқан кезде ауа температурасын -7 С-қа дейін төмендетіп кетті. Аудандар мен Шымкент шаруалары абдырап қалды. Амалын тапқандар жедел әрекет етуге көшті.

Шымкентте 500 гектарға жуық бау-бақша алқабы бар. Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары да аязды күннің келтірген шығынын есептеп жатыр. Шаруашылықтар айтарлықтай шығынға ұшыраған жоқ – дейді олар. Сондықтан алдағы уақытта өнім көлемі азайып, бағасы шарықтап кетеді деуге негіз жоқ деп отыр. 

Жәнібек Тоғай, қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

– Біз өзіміз бәрібір 500 га өнім өндірумен қаланың халқын 100% қамти алмаймыз. Сондықтан бізге облыстан көбірек келеді. Өнімдер бағасына әсер ете қоймайды. Өйткені кейінгі заманауи технологиямен еккен қарқынды бауларымыз барынша сақтап қалуға тырысты. Ол жерде көп потеря болған жоқ деп есептейміз.

Әкімдікте ауа райының қолайсыздығына байланысты шаруаның шығынын өтеп беруге қаржы қаралмағанын айтады. Сондықтан агроөнеркәсіптік кешенді сақтандыруға көшу керек дейді. Бұл осындай кезде тығырықтан шығуға көмектеседі деп отыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы