Биыл елде жеті есірткі зертханасының жұмысы тоқтатылды

Тәртіп сақшылары ел аумағында 7 есірткі лабораториясын анықтап, олардың жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі ай ішінде барлығы 422 келі есірткі зат тәркіленді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Бақытжан Әмірханов мәлімдеді. Оның айтуынша, бұрын Қазақстанға есірткі заттар көбіне шетелден әкелінетін болса, соңғы жылдары оны елде шығаратын зертханалар күрт көбейді. 2019 жылдан бері полицейлер 35 осындай лабораторияны анықтаған. Цифрлық технологиялардың дамуымен қатар, есірткіні онлайн сату-сатып алу тәсілдері де көбейді. Мәселен, жыл басынан бері, жауапты ведомство қызметтің осы түрімен айналысатын 440 интернет порталды жабуға сауал жолдады. Оның арасында 150 телеграм канал бар.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы:

– Біз OLX Group, Telegram сынды платформалармен тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Соның арқасында биыл есірткі таситындарды іздеу туралы 50 жарнаманы сайттан алып тастадық. Телеграмда есірткі сатумен айналысатын 440 каналды таптық.  Енді әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жұмыс ережелерін реттемекшіміз. Яғни қажет болған жағдайда интернетте есірткі заттарын насихаттайтын порталдарды бұғаттаймыз.