Сот орындаушысына әкімшілік хаттама толтыру құқығы берілуі мүмкін

Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында жеке сот орындаушыларына қосымша өкілеттік беру жөнінде айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі заңнама бойынша алимент төлеушіні әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін оған хаттама толтыру қажет. Алайда жеке сот орындаушысында мұндай құқық жоқ. Бұл үшін ол борышкерді әділет органдарына алып келіп, ол жерде әділет органдарының лаузымды тұлғасы тиісті әкімшілік хаттама толтырады. Бұл ретте борышкер барғысы келмесе, онда оны полиция ғана мәжбүрлеп апара алады.

Сол себепті де борышкерді жауапкершілікке тарту ұзақ уақытты алып жатады. «Егер заңнамада жеке сот орындаушысына әкімшілік хаттама толтыру құқығы берілетін болса, онда бұл заң бұзушылар санын еселеп қысқартып, оларды тез жазалауға септігін тигізер еді. Сол арқылы борышты өтеуге мүмкіндік береді» – деді Қанат Мусин. Сондай-ақ ол қазіргі уақытта атқарушылық өндіріс туралы жаңа заң тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын айтты. Онда сот орындаушыларына дәл осындай өкілеттік енгізілмек. Өйткені бұл – проблеманы шешудің тиімді құралдарының бірі деп атап өтті министр.