Шетелдік анимациялар қазақша сөйлемек

Енді TiJi және Nickelodeon арналарында көрсетілетін рейтингі жоғары анимациялар қазақша сөйлемек, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Nickelodeon» арнасы әлемнің 70 елінде 22 тілде,  ал «TiJi» 20 мемлекетте 14 тілде хабар таратады. Балалардың тілін тапқан әлемге әйгілі қос арна биыл қазақ тілінде де трансляция жасауға әзір.

Енді «Сусорғыш Боб», «Шаршы шалбар» мен «Көзілдірікті адам» қазақша тақылдап тұрса, таң қалмаңыз. Биыл TiJi және Nickelodeon арналары 675 сағат қазақ тілінде сөйлейді. Оның ішінде 457 сағаты америкалық арнаға тиесілі. Француздың TiJi компаниясындағы 11 анимация мен америкалық арнадағы 2 мультипликация төл тілімізге аударылады.

Арууана Серікбаева,  Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ  өндіріс қызметінің басшысы:

– Чупи мен Дуду, Робокар Поли, Супер монстры деген сияқты 11 мультфильмді дубляждап жатырмыз.  9 сериал толығымен дубляждалған, оларды жібереміз. Спанч боб сериалының 265 сериасын дубляждап жатырмыз.

Мультипликация – балалар үшін тілашар ғана емес, ұлттық сананы жаңғыртудың да бір амалы. Осыны мақсат тұтқан киноөндірушілер әлемге танымал, жас ұрпақтың қызығушылығын оятқан мультфильмдерді аударып жатыр. Әйгілі компаниялар арнайы кастинг өткізіп, дубляж актерін өздері таңдаған. «Әрбір материал жіті тексеруден өтіп, аударманың сапасына баса наза аударылады»,- дейді мамандар. Ең бастысы, шетелдіктер өз туындыларының әр сериясын біздің тілге бейімдеп қайта өңдейді.

Болат Тлепов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

– Жалпы екі телеарнаның 675 сағат аудармасына мемлекеттік бюджеттен  570 млн теңге қаражат бөлінді.  Өнімді  аударып қана қоймай, оның шығармашылық пен көркемдік құндылығына мән беруді мақсат тұтып отыр. Nickelodeon жоспарымыздан тыс тағы 200 сағат қосып отыр.

Бүгінгінің баласы телефонға телміріп, көгілдір экраннан өзге тілде мультфильм көріп, кейіпкерлерін пір тұтады. Бүлдіршіннің тілі өзге тілде шығуына бұл да – себеп.  Мәселен жапон мен қытай анимацияларында кейіпкерлер арқылы ұлттық рухты, тіл мен мәдениетті насихаттап, балалардың ұғымын қалыптастырады. Бізде осындай идеология қалыптастырсақ, сәби ана тілінде сөйлер еді. 

Ғалымжан Қабзи, қала тұрғыны:

– Шетелдік мультфильмдер бала тілінің орысша шығуына әсер ете ме? Әсер етеді. Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі дейді ғой. Әрине, басқа тілді білген жақсы ғой. Мультфильмдер жақсы жағынан тәрбиелесе екен.

Зейнеш Үсенқызы, қала тұрғыны:

–Шетелдік мультфильмдерді көреді. Енді оған мен кінәлі емеспін ғой. Ата-аналары кінәлі. Қазақстандық фильмдерді көріңдер деп айтамын. Негізі немерелерім қазақ мектебіне барады. Үшінші немеремнің тілі орыс тілінде шығып келеді. Теріс пікірдегі дүниелерді көріп жатқан болар. Ата-аналар жұмыста болғасын, көп көңіл бөле алмайды.

Иә, елдің көңілінде алаң бар. Ендігі үміт – өз туындыларымызды көбейтумен қатар шетелдің озық мультфильмдерін көптеп аудару. Мамандарымыздың көздегені – осы. Енді жаңа дүниелер ойын баласының көңілін тауып жатса, мақсатқа жеткеніміз.

Қазір технология секунд сайын өзгеріп келе жатыр. Бала өзі қолданып жүрген қосымшаның  көмегімен кез келген мультфильм кейіпкеріне айнала алады. Осыдан-ақ заманауи көрерменді сапалы анимациялық туындылармен таң қалдыру қиын болар. Демек отандық мультфильм жасаушыларға бұл істің оңайға соқпасы анық. Дегенмен нәтиже жоқ емес, бар. Тақауда шетелдік туындылардың қазақша аудармасына көрермендер өз бағасын беруі тиіс.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Арман Ақшабаев.

Сондай-ақ...