Петропавлдағы апат: құлаған мұржаны ауыстыруға бір жыл уақыт керек

Петропавлдағы апат болған жылу электр орталығын қалпына келтіру үшін жоба әзірленіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Энергетика министрлігі мен монополист компания кәсіпорынның жұмысын келесі жылу маусымына дейін реттеуі тиіс. Мамандардың айтуынша, құлаған мұржаның орнына жаңасын салуға кем дегенде бір жыл уақыт керек. Өткен демалыс күндері жылу қазандықтары тағы да істен шықты. Қазір температура тұрақтала бастады.

Естеріңізге салайық, сегіз күн бұрын жылу электр орталығында 150 метрлік мұржа құлап, бір адам үйіндінің астында жан тапсырған. Төтенше жағдайдың нақты себебін тергеу тобы анықтайды. Әзірге жергілікті билік өкілдері осы айдың жылу ақысын қайта есептету жағын қарастырып жатыр.

Бахыт Ілиясов, Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Бүгінгі таңда тиісті мәліметтер жиналып жатыр. Біз монополист компанияға жылу ақысын қайта есептеу туралы ұсыныс жасаймыз. Нақты шешім бір аптаның ішінде қабылданады.