«Хабар 24» тілшілеріне күш көрсеткен күзетшілерге қатысты іс шешімін таппай отыр

Петропавлда арнамыздың түсіру тобына кедергі келтіріп, сауда-ойын сауық орталығынан күштеп шығарып жіберген күзетшілерге қатысты іс әлі шешімін табар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сегіз айдан астам уақыт өтсе де, материал әлі сотқа жетпеген. Себебі құқық қорғау және қадағалаушы орган өкілдері мұнда қылмыс құрамын анықтай алмай әлек. Ал заңгерлер болса, бұл уақытты созу үшін әдейі жасалып отырғанын алға тартып отыр.

Өткен жылдың тамыз айында «Ашық» жобасының жұмысы жайлы материал жасамақ болып арнамыздың түсіру тобы ірі сауда ойын сауық орталығына барды. Бірақ күзетшілер күш көрсетіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмысына кедіргі келтірді. Тіпті соңында журналистерді сыртқа шығарып жіберген еді. Аталған дерекке қатысты осымен үшінші рет қылмыстық іс қозғалып отыр. Десе де ол, әлі сотқа жетпеді.

Әлнұр Ахмедьяров, қалалық ПБ бастығының орынбасары:

- Соңғы рет қала прокурорының тапсырмасымен іс жабылды. Дегенмен ол үшінші мәрте қайта ашылып, материал қазір өндірісте екенін айтқым келеді. Сотқа дейінгі тергеу бойынша бізге тиісті тапсырмалар берілді. Соның негізінде процессуалды шешім қабылданатын болады.

Елімізде журналистердің құқығын қорғайтын заң жұмыс істемейді. Оған осы Петропавлда болған оқиға дәлел.

Елена Кузнецова, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының өкілі:

- Неліктен қадағалау органдары бұл іске нүкте қоя алмай отырғандығы түсініксіз. Былтыр осы сауда орталығында фото-видеоға түсіруге болмайды деген жазба пайда болды. Бірақ бұл заңға қайшы. Ол да сол күйі алынған жоқ. Себебі сауда үйінің басшылығана ешкімнің тісі батар емес. Біз тек ғана журналистерді қорғайтын заңның жұмыс істегенін қалаймыз. Өйткені ертең әріптестерімнің соққының астында қалмасына кім кепіл береді?

Журналистер мен күзетшілер арасында болған келеңсіз жайтты оператор бас-аяғына дейін камераға түсіріп алды. Бірақ сорақысы сол, бейнежазбаны тәртіп сақшыларымен прокуратура өкілдері аша алмаған. Салдарынан әзір істің шешімі жоқ. Ал заңгерлер болса, бұл уақытты созу үшін әдейі жасалып отырғанын айтып отыр.

Дмитрий Баранов, адвокат:

- Біз бұл оқиғаға қатысты қажетті барлық дәлелдер жиналды деп есептейміз. Енді тек сезіктілер жауапқа тартылуы қажет. Уақытты созудың еш қажеті жоқ. Себебі аталаған бап бойынша күдіктіні жауапқа тарту мерзімі шектелген.

Журналистермен жаға жыртысу заңға қайшы. Тілшілер істің әділ шешілгенін талап етіп отыр.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Бұл даудан кейін күдіктілер ҚР ҚК 158- бабы, 2-ші бөлігі бойынша жауапқа тартылуы тиіс еді. Алайда іс бір ашылып, бір жабылып, созбаланға салынып отыр. Сондықтан біз бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері құқығымыз тапталмай, әділ шешім шығарылса дейміз. Бар талабымыз осы ғана.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Сондай-ақ...