Бас мүфти кәсіпкерлерге үндеу жасады

Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздің кәсіпкер азаматтарын Рамазан айында тауар бағасын 10 пайызға дейін төмендетуге шақырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықтың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке жеңілдік жасау қажет деді бас мүфти. Ол өз сөзінде қайырымды істер қасиетті айда барынша көп жасалуы тиіс екенін атап өтті. 

ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы:

- Қасиетті айда көбірек сауапты амал жасауға асығайық. Діни басқарма жанындағы зекет және қайырымдылық қоры қасиетті айда «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны», «Рамазаннан тәбәрік» сынды ауқымды республикалық қайырымдылық іс шараларды ұйымдастырады. Осы ретте еліміздегі барша мұсылман жамағатын қайырымдылық акцияларына белсенді түрде үлес қосуға шақырамын.

Биыл Рамазан айы сәуірдің екісінде басталып, мамырдың біріне дейін жалғасады. Мұсылман қауым тура отыз күн ораза ұстайды. Қадір түні сәуірдің 27-сінен 28-не қараған түні.

Сонымен қатар биыл бір адамға берілетін пітір садақа 500 теңге болып бекітілді. Оның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды.