Жайылымдық жер, су тапшылығы: Алматы облысында шешілмей жатқан түйткіл көп

Алматы облысында жайылымдық жер жетіспейді. Бұған қоса егіс алқаптары судан таршылық көріп келеді. Әлемдегі ахуал да аймаққа өз әсерін тигізіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, биыл минералды тыңайтқыш, гербицид, тұқым, техника және оған қажетті қосалқы бөлшектердің бағасы өскен. Облыстағы қордаланып қалған мәселелер ауыл шаруашылығы министрі, Сенат депутаты және облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында айтылды.

Еліміздегі 1,6 миллион гектар шаруашылық жердің 439 мыңы Алматы облысында орналасқан. Аймақтың әлеуеті жоғары болғанымен Жетісу өңірінде де суармалы су жетіспеушілігі байқалады. Соңғы жылдары өзендер тартылып, фермерлердің табысына кері әсер етіп отыр. Оған қоса, былтыр «ҚазСуШар» кәсіпорны су тарифін текше метріне 40-тан 70 тиынға көтеріп, диқандардың наразылығын тудырған.

Тасқын Жаппарқұл, шаруа қожалығының басшысы:

- 2018 жылы ол 23 тиын болса, қазір бір куб су 0,71 тиынға дейін қымбаттап отыр. Шаруалардың оған келіспейтін себебі республика бойынша оңтүстік өңірлердің барлығы суармалы егістіктер ғой. Соның тарифының барлығын бірдей қылып тастаған.

Қанат Бозымбаев, облыс әкімі:

- Бірыңғай тариф ол дұрыс емес, әрбір облыстың құны бар судың өзіндік бағасы бар, әрбір ауданның, әрбір ауылдың ішінде өзіндік құны бар. Сондықтан ол жердің топырағына қарау керек.

Әкімнің бұл ұсынысы қашан қаралатыны әзірге белгісіз. Су тапшылығын сенатор Ақылбек Күрішбаев та көтерді. Оның пікірінше, еліміздегі су қоры сегіз жылдан кейін 90 текше километрден 76 текше километрге дейін кемиді екен. Шешімін таппаған тағы бір маңызды мәселе – еңбек өнімділігінің төмендігі.  

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Өкінішке орай біздің импортымыз жылына 5 млрд АҚШ доллары. Яғни қазіргі бағамен санағанда 2,5 трлн теңгеге біз жылына азық-түлікті сырттан тасимыз. Салыстыратын болсақ, біздің жалпы республикамыздың бюджеті 5,5 трлн теңге. 2,5 трлн-ға сырттан алып келеміз. Біздің ақшамыз сыртқа кетіп жатыр.

Жиында субсидия жайы да талқыланды. Былтыр субсидияға бөлінген бюджет ақшасын жымқырды деп елімізде біраз атқамінер істі болған. Биыл агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға қосымша 388,2 млрд теңге бағытталатын болады. Ал субсидиялаудың жаңа жүйесінің басты жаңалықтарының бірі – оны цифрлық форматқа көшіру.

Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

- Қазіргі уақытта субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін әзірлеу аяқталуда. Оның негізгі функционалы – автоматты режимде субсидия алушылардың тізілімін қалыптастыру. Жаңа жүйенің «Қолдау» жүйесінен айырмашылығы, ол фермерлер үшін тегін болады.

Облыста жайылымдық жер де жетіспейді. Бұл тапшылық қазір орман қоры есебінен уақытша шешім тауып отыр екен. Ал мәселенің толық шешілуі үкіметтің құзырында деді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.

Аршын Кемелжан, Кенже Амраев