Алматы облысындағы кремний өндіретін зауыт қайта іске қосылды

Алматы облысының Қаратал ауданында жоғары сапалы кремний өндіретін зауыт қайта іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жеті жыл бойы қаңырап бос тұрған нысанға 4 млрд теңге инвестиция тартылып, екі жарым айда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Пеш жасалып, қосымша жабдықтар сатып алынды. Енді мекеме жылына 6 мың тонна өнім өндіріп, шетелге экспорттайтын болады.

Кәсіпорынның қайта ашылуымен 200 ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмысқа алынды. Солардың бірі – Фархат Байтаров. Осы зауытта он жылдай еңбек еткен ол мекеменің жабылуына байланысты еліміздің өзге өңірлерінде нәпәқасын тауып жүрген еді. Өндіріс орны қайтадан жанданған соң білікті маман да бұрынғы жұмысына қабылданды.

Фархат Байтаров, зауыт жұмысшысы:

- Ең бастысы, бала-шағаның жанында, басқа жақта вахталық жұмысқа қарағанда әркім өз ауылында жұмыс істегені дұрыс қой. Бәрі жақсы болса осы жерде істей береміз деп ойлаймыз.

Шикізат жақын маңдағы «Сарыкөл» кен орнынан алынып жатыр. Зауытта балқытылған соң одан жоғары сапалы кремний шығарылады. Бір жылда 6 мың тонна өнім өндіріліп соның барлығы шетелге жөнелтілмек.  

Марат Сәрсенов, KAZSILICON металлургиялық комбинаты ЖШС бас директоры:

- Америкаға, Жапонияға және Еуропаға кетеді. Сол кремнийден ЧИП электроприборларға қажет өнімдер дайындалады. Бұл осындай өнім шығаратын Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. Қазақстанда басқа кремний шығаратын зауыттар жоқ.

Зауытта әзірге бір ғана балқыту пеші жұмыс істеп тұр. Келесі жылы тағы біреуін іске қосу жоспарланып отыр. Сол кезде өндірілетін өнім көлемі екі есеге өсіп, жылына 12 мың тонна кремний шығарылмақ.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов