Елімізде 286 нысанның құрылысы тоқтатылды

2022 жылғы 28 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Кеңесте Қазақстан Республикасының құрылыс және тұрғын үй салаларын дамыту перспективасы қаралды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдын ала болжамдары бойынша 2022-2025 жылдар аралығында Қазақстанда 62 млн шаршы метр тұрғын үй салынады деп күтілуде. Сонымен қатар 5 201 мемлекеттік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр, оның 2 137-сі мемлекет қаражаты есебінен салынуда.

Қазіргі кезде 286 нысанның құрылысы тоқтатылды. 84 нысанда жұмыстардың тоқтауына бағаның қымбаттауы себеп болса, 202 құрылыс басқа да себептер бойынша (ауа райына, маусымдық шектеулер және т.б. байланысты) тоқтатылды. ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, әрбір нысан бойынша жағдай сарапталып, жұмыстарды қайта бастау мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

ҚР премьер-министрі нысандарды салуға өткізілетін мемлекеттік конкурстардың жосықсыз ұйымдастырушыларын жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

«Бюджеттік қаржыландырусыз құрылыстарға конкурстар жарияланады. Бұл – заң тәртібін бұзу. Кінәлі тұлғаларды тиісті жауапкершілікке тартуды қарастыру қажет», ­– деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ мемлекеттік құрылысқа жұмсалатын шығындарды азайту мақсатында премьер-министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, жобалау-сметалық құжаттама құнына баға белгіленуіне талдау жүргізуді тапсырды.