Оңтүстікте ІМА департаменті жекеменшік балабақшаларды заңсыз тексерген

Түркістан облысының прокуратурасы Ішкі мемлекеттік аудит департаменті қызметкерлерінің жекеменшік балабақшаларды заңсыз тексергенін анықтады.

Департаменттің лауазымды тұлғалары арыз-шағымсыз кәсіпкерлік нысандарды тексеруге болмайтынын біле тұрып, аумақтық білім бөлімінің қызметкерлерімен 18 жеке балабақшаға барып, мекеме құжаттарын талап еткен.

Құзырлы орган қызметкерлерінің айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жекеменшік нысандарды тексеру үшін негіздеме болу керек. Ал Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қызметкерлері мектепке дейінгі тәрбие беретін мекемелерге мониторинг жүргізу үшін құрылған жұмыс тобының құрамына кірмеген. Заңсыз әрекет өңірдегі Шардара мен Бәйдібек аудандарында тіркелді.

Досжан Жолдасбаев, облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры:

- Осыған орай ТО Прокуратура органдарымен екі лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ҚР ӘҚБ туралы кодексінің 175-бабы 1-бөлігімен, яғни жекеменшік субъектісіне қатысты тексеру тәртібін бұзғаны үшін. Егер де мемлекеттік органдар тарапынан мағыналас заңсыз тексерулер болған жағдайда тікелей прокуратура органдарына хабарласуға болатынын айтамын.