Таразда химиялық өндіріс қалдықтары қала маңына төгіліп жатыр

Жылдар бойы жиналған фосфорұнтақ миллиондаған тоннаға жетіп тау болып үйілді. Жел тұрған сайын ауаға көтеріледі. Бұл бір жылда қалыптасқан мәселе емес. Облыс әкімдігінен бастап министрлікке дейін мән-жайды жақсы біледі. Алайда проблема әлі нақты шешімін таппай тұр.

Жанат Иманәлиев, Шайқорық ауылының тұрғыны:

- Біздің ауылды әппақ түтін басып қалады. Топырақ басып қалады. Біз далаға шыға алмаймыз. Үйімізге дейін кіріп кетеді. Соның кесірінен елдер қолқа дерті, іш кеселі, тыныс жолдары, жүрек аурулары көбейіп кетті.  

Зауыттан жылына 1 миллион 300 мың тонна химиялық қалдық сыртқа төгіледі. Қазірдің өзінде 14 миллион тоннадан астам жиналып тұр. «Улы тау» аталып кеткен фосфогипстің зиянын экологтар да растап отыр.

Айтуларынша, құрамы қанша жерден талапқа сай бақыланып, қоспалары тазартылған күннің өзінде түбі ауруларға шалдықтыратын көрінеді. Алайда зауыттың ішкі экологтарының пікірі басқа. 

Анар Жұмаділова, эколог:

- Негізінен ол 5-категориялы қалдыққа жатады. Жел бағытымен ауаға шашырайтын болса, онда тек ғана тыныс жолдарының ауруларына немесе көз ауруларына әлсін түрде әсер етуі мүмкін.  

Арман Қарағалиев, «Қазфосфат» ЖШС бас экологы:

- СЭС қорытындысы бар, экологияның қорытындысы бар, оның бойындағы токсиндік құрамы төмен. Бұл қауіпсіз қалдық болып саналады.

Қалдықтың зиянды екенін мына қара талдар дәлелдеп тұрғандай. Оттегін бөліп, ауаны біршама тазартады деп егілген жүздеген ағаш қурап өспей қалған. Зауыттың бас экологының сөзінше, кәсіпорын қоршаған ортаға келетін зиян үшін облыс бюджетіне 2,5 млрд астам қаржы төлейтін көрінеді. Алайда бұл қаражат төңіректің экологиялық жағдайын түзеуге жұмсалып жатқаны көзге көрінбек түгілі сезілмейді де. Қоғам белсендісі Ихтияр Мурзахметов мәселені 20 жылдан бері көтеріп жүр. Оның сөзінше, осы аралықта айтарлықтай өзгерген дәнеңе жоқ.

Ихтияр Мурзахметов, «Қазақстан ауыл жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Миллиардтап ақша экологиялық эмиссия ретінде төленіп жатыр. Бірақ ол тиімді қолданып жатқан жоқ. Жергілікті азаматтар көріп жатқан жоқ. Біздің айтып жатқанымыз, сол ақшаның бір бөлігін Шайқорық ауылы бар, Қостөбе ауылы бар, Бектөбе ауылы және Сүлейменов көшесінің аяғында тұратын азаматтарға ең бірінші экологиялық жағдайын жақсарту.  

Қазір өндіріс орыны да, экологтар да, әкімдік те қалдықтан құтыла алмай отыр. Шаруаларға тыңайтқыш ретінде таратпақ болды бір. Жол құрлысына пайдаланамыз деді. Бұдан басқа да түрлі амалы қарастырғанымен нәтиже жоқ. Енді биологиялық рекультивация жасамақ. Яғни қалдықтың үстін 10 сантиметрлік топырақпен жауып тастамақ.

Серік Ағабек, облыстық табиғи ресустар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының маманы:

- Бүгінгі күнге дейін жиналған үйінділердің төбесін 2024-2025 жж дейін өздерінің рұқсат құжаттары бар. Сол құжаттар бойынша әрі қара рекультивация жұмыстары жүргізіледі.

Қалдық жыл сайын еселеп көбеймесе азайып жатқан жоқ. Өйткені тыңайтқышқа сұраныс жылдан жылға артып келеді. Зауыт та керек. Бірақ маңайындағы халықтың жағдайы не болмақ?

Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Сондай-ақ...