Шымкенттегі автосалон қызметкерлері көлік саудасында қулыққа барған   

Автосалон қызметкерлері сатып алушыларын жаңа көлікке қосалқы аксессуарларды да сатып алуға мәжбүрлеген. Шымкентте осындай төрт бірдей автоорталық қызметкерлері тұтынушы құқығын таптағаны үшін айыпталып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Автосалоннан жаңа көлік көрсетілген бағадан анағұрлым артық төлейсің. Неге? Сіз бен біздің басымызда болған жағдай бұл. Енді себебін айтайық. Аннаның айтуынша, орталықтан көлік алу үшін  артық ақша төлеген. Қосалқы аксессуарлар үшін бір жарым миллион теңгеге мәжбүрлі сауда жасаған. Бағасы базардағыдан екі есе қымбат тұратын жабдықтарды алуға келіспесе, сауда сәтсіз аяқталады дегесін, көнбеске амалы қалмапты. 

Анна Цурканова, қала тұрғыны:

– Күйеуім екеуміз көлік сатып алдық. Ол кезде орталықтың мамандары қосымша жабдықтармен жарақтандыру міндетті екенін ескертті. Онсыз бұл көлікті сатып ала алмайтынымызды біліп, амалсыз көндік. Терезені күңгірттеу мен торды, резеңке төсеніш пен тағы басқа жабдықтарды есептеп берді.

Шымкентте тіркелген заңбұзушылықтың мұндай түрі бір ғана оқиғамен шектелмейді. Аймақтағы ірі автоорталықтың 4 бірдей диллерлік желісіне қатысты арыз-шағым көп түсті. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қалалық департаменті өкілдері ескерту беріп, тексерісті бастады.

Ернар Қосбаев, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қалалық департаменті басшысының орынбасары:

– Ескерту бойынша жұмыс жүргізу уақыты бір айды алады. Егер ол уақыттың ішінде бізге жауап бермесе, айтылған заң бұзушылықтарды жойдық деп жауап бермесе, әлде расында да сол жұмыстарды істемесе, департамент тексеру ашып жұмыстарын бастайды.

Әзірге монополияға қарсы департаменттің қызметкерлері шағым иелерінің нақты санын жарияламады. Алайда белгілі болғандай көліктің негізгі бағасына 500 мыңнан бастап 3 миллион теңгеге дейін қосалқы бөлшектерді қосып сатқан. Егер сатып алушы бас тартса,  айлап кезек күтуге мәжбүр болған.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

– Олқылықтың орнын толтырып, кемшілікті жою үшін автоорталықтарға бір ай уақыт берілді. Әйтпегенде бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өңірдегі өкілдері түпкілікті тексеру жүргізіп, істі сот қарауына тапсырады. Себебі елімізде тұтынушы құқығы заңмен қорғалған.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов

Сондай-ақ...