Тендердегі түйткіл: ШҚО-да мемлекеттік сатып алу үрдісінен тағы шикілік шықты

Жергілікті кәсіпкерлер үшінші жыл қатарынан шенеуніктердің шешіміне шағымданып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолғы дау-дамай жол құрылысына қатысты. Іскер азаматтардың айтуынша, тапсырыс берушілер тендер өткізіп, кейін біржақты ұйғарыммен бас тартқан. Кейде тіпті ірі жобаларды лотқа бөлмей, жасанды монополистерге бере салады дейді. Мемлекеттік аудит органдары бірқатар заң бұзу деректерін анықтады.

Нұрлан Ахметханов жол құрылысы компаниясында 7 жылдан бері механизатор болып еңбек етеді. Қыс мезгілінде тапсырыс болмағандықтан, кәсіпорын жұмысшыларға ай сайын 60 теңгеден жәрдемақы төлейді. Ал көктем келісімен қызу жұмыс басталып, жалақы беріледі. Алайда биыл құрылыс кешеуілдеп жатыр. Нұрлан тағы да уақытша төлемге телміріп қалды. Дәл қазір компанияда жұмыс істейтін 300-ден астам адамның жай-күйі осындай.

Нұрлан Ахметханов, механизатор:

- Төрт айдан бері техникаларды дайындаумен жүрміз. Тек жәрдемақы аламыз. Ал ол қаражат отбасымызды асырауға жетпейді. Оның үстіне қазір нарықтағы баға шарықтап кетті. Тездетіп құрылыс маусымын бастап, жалақы алғымыз келеді.

Әдетте құрылыс маусымынан бөлек, қыста жолдарды күтіп-ұстау жұмыстары жүргізілетін. Әйткенмен мемлекеттік сатып алу басқармасы бұл бағыттағы тендерді желтоқсан айында бір лотпен ғана өткізе салған. Құны 12 млрд теңге, ал мерзімі 3 жыл. Бұл байқауда ірі компания жеңімпаз атанған. Кәсіпкерлер шенеуніктердің өздері қолдан монополист жасағанын алға тартып отыр.

Арман Мұқанов, жол құрылысы компаниясының учаске басшысы:

- Жолдың әрбір учаскесіне бөлек байқау өткізу қажет. Әрқайсысының мерзімі бір жылдан аспағаны жөн. Сонда бәсекелестік пайда болады. Ал бәсеке арқылы мемлекет қаржысын да үнемдеуге болады. Шағын және орта бизнес өкілдеріне мүмкіндік берілуі керек. Ал бізде бір ғана ірі компания ұтып алады.

Байқауға қатысты мемлекеттік аудит департаментінің де айтары бар. Тендерге қатысқан екі компанияның бірі негізсіз жолданғаны анықталған. Өз кезегінде жалғыз қатысушымен байқау өткізілмеуі тиіс еді. Қазір аталған іс аппеляциялық коммиссия да қаралып жатыр. Сондай-ақ мекемеге Семейдегі жол жөндеу жобасының тендеріне қатысты арыз-шағым түскен.

Динара Какенова, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Тендер тоқтатылды. Өйткені біз жобадан бір көшені алып тастадық. Ол – Шұғаев көшесі. Сәйкесінше жоба құны арзандады.

Елдар Мейірұлы, облыстық мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы міндетін атқарушы:

- Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу конкурсын мерзімінен бұрын тоқтатқаны белгілі болды. Бұл жерде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Лауазымды тұлғаға қатысты 5 әкімшілік хаттама толтырылады.

Мемлекеттік мекеме енді 765 мың теңге көлемінде айыппұл арқалайтын болды. Ал тендер екінші рет жарияланып қойған. Алдыңғы жоба құны 3 млрд теңге болса, содан 80 млн теңге шегертіліпті. Кәсіпкер Бауыржан Қайрамбаев алғашқы байқауда 150 млн теңгеге дейін жеңілдік ұсынған екен. Тапсырыс беруші қаражатты үнемдеймін деп, керісінше шығынға батып жатқанын кейіпкеріміз түсінбей дал.

Бауыржан Қайрамбаев, жол құрылысы компаниясының директоры:

- Енді қорытындысын шығару керек болатын. Ана қорытындысында біз ұттық па деп ойлаймыз. Олар ол қорытындысын көріп, соны жарияламай қойды.

Тапсырыс берушінің мәслихат шешімінсіз тендерді мерзімінен бұрын тоқтату дерегі облыста бұрын да болған.

Александр Федосов, жол құрылысы компаниясының директоры:

- Біздің арыз-шағым мемлекеттік аудит департаментінде қаралды. Алайда тексеріс жұмыстары жүргізіліп болғанша жоба аяқталып та үлгерді. Тапсырыс берушілер өздерінің қалауына ақыры жетті.

Салада өзге де заңбұзушылық деректері белгілі болды. Бармақ басты, көз қысты әрекеттер кәсіпкерлік көкжиегіне кері әсерін тигізіп жатыр. Ал бәсекесіз құрылыстың сапасы да күмән ұялатады.

Еркебұлан Смадияров, Әсем Утешева, Жігер Бабақанов