ШҚО-да медициналық мекемелер дәрі-дәрмек сатып ала алмай отыр

Шығыс Қазақстан облысында медициналық мекемелер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі тізіміндегі препараттарды сатып ала алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сала мамандары ауруханалар мен емханаларда қажетті дәрі-дәрмек қорының таусыла бастағанын айтады. Тіпті қарапайым ине пен ерітінділер де жоқтың қасы. Жауапты дәрігерлер препараттарды өз еркімен тендер арқылы сатып алуға сескеніп отыр. Олардың әрекеті мемлекеттік сатып алу заңы мен халық денсаулығы туралы кодекске қайшы келуі мүмкін. Бар мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің дәрі-дәрмектің шекті бағасын реттейтін тәртіп туралы бұйрықты бекітпеуінде болып отыр. Былтыр бұл құжатты медициналық мекемелер қаңтар айында алған. Ал биыл сәуір айы болса да, заңды қағаз әлі қолдарына тимеген.

Ольга Козлова, №4 қалалық аурухананың провизоры:

- Кепілдік берілген тегін медициналық көмек көрсетуге қажетті препараттар бұйрықта нарық бағасынан әлдеқайда төмен бағамен бекітілген. Сондықтан натрий хлоридін 100 миллилитрден ала алмаймыз. Біз 200 миллилитрден алуға мәжбүрміз.

Сергей Попов, №4 қалалық аурухананың бас дәрігері:

- Өкінішке орай жеткізуші компаниялар дәрі-дәрмекті бұрынғы бағамен бере алмайды. Өйткені препараттар қымбаттап кеткен. Ал оны реттейтін бұйрық болмай тұр. Денсаулық сақтау басқармасы, денсаулық сақтау министрлігіне дейін хат жаздық. Бұл мәселе алдағы уақытта өз шешімін тауып, тиісті бұйрық қабылданады деп сенеміз.